Болат Назарбаевтан мемлекетке өткен зәулім нысан 1,5 млрд теңгеге сатылды
Мемлекеттік аукцион сайтында бұған дейін өтпей тұрған нысан 300 млн теңгеге арзандағаннан кейін сатылып кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
БҰҒАН ДЕЙІН ӨТПЕЙ ТҰРҒАН
Мүлікті Қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатты. Осыдан бір ай бұрын нысан бір рет 1,8 млрд теңгеге сауда шығарылған. Алайда ол тұста нысанды сатып алуға ешкім ниет білдірмеген. Бүгінгі сауда бойынша нысанның 1 549 542 736 теңгеге сатылғаны турасында ақпарат шықты.
НЫСАН ЖАЙЛЫ
Ішкі аумағы 1700 шаршы метр ғимараттың 0,4 гектар жері бар. Өзі Бостандық ауданының Байтұрсынұлы көшесінде орналасқан. 1953 жылы салынып, 1997 жылы толық жөндеуден өткен. Гаражы, автотұрағы бар.
Ғимараттың ішіне жөндеу үшін көп ақша жұмсалғаны байқалады. Алтын түстес өрнектер, мәрмәр еден, алып аспашам ғимараттың сәнін келтіреді.
Нысанның бұрын Болат Назарбаевқа тиесілі болғанын Орда.кз жазған еді. Ғимаратты 2019 жылы «BN Invest Capital» компаниясы сатып алған. Ол компанияның құрылтайшысы әрі жетекшісі – Болат Назарбаев болатын. 2023 жылдың ақпан айында ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы ретінде Қуат Ахметов деген азамат тіркелген. Жаңа иесі бола отырып, ол ЖШС атауын DBS-Trade Company деп өзгерткен, ал жеті айдан кейін компанияны жаңа құрылтайшы ретінде Ферманас Асратовке сатып жіберген.