Главное

Болат Мажағұловты прокурор 10 жылға соттауды сұрады

Прокурор Астананың мәдениет басқармасының экс-басшысы Болат Мажағұловты он жылға соттауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Tengrinews.kz мәліметінше, бүгін Мажағұловқа қатысты сот отырысы тағы жалғасты.

ЖАРЫССӨЗ

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты субұрқақ құрылысы кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша жарыссөзді бастады.

ПРОКУРОР

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтарбай Болат Мажағұлов пен Мәди Қанапинге жаза тағайындауды сұрады.

— Болат Мажағұловты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (“Өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде”) бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруды сұраймын, – деп мәлімдеді прокурор.

Сондай-ақ, мемлекеттік айыптаушы инженер Мәди Қанапинді ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі (“Көмектесушілік”) және 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығын шектеуді және өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтер атқару құқығынан айыруды сұрады.

МАЖАҒҰЛОВТЫ НЕ ҮШІН СОТТАЙДЫ

Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.

Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.

2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.

Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.

ТУЫСЫ ТАҚҚАН АЙЫП

Сонымен қатар, Болат Мажағұловқа қарсы оның әйелінің туыстары ашық қарсы шықты. Олардың бірі әлеуметтік желілерде бұрынғы шенеуніктің көпшілік алдында абыройын айрандай төгіп, оның жылдар бойы жасырып келген құпиясын ашты. Анықталғандай, Мажағұловтың заңсыз екінші әйелі және одан өрген бала-шағасы бар екен. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген осы шығар, коррупциялық жанжалдың отбасылық жанжалға қалай себеп болғанын Ulysmedia.kz тілшісі зерттеп көрген болатын.

Другие новости

Back to top button