Болашақта қазақстандықтар криптовалютамен азық-түлік сатып алып, төлем жасай алады

Қазақстанда СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жоба басталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады», — деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында.
Президент Қазақстан цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткізгенін атап өтті. Мақсат – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу.
«Әсіресе, жасанды интеллектіні дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті», — деді ол.
Тоқаев еліміз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасайтынын айтты.
«Ең басты міндетіміз – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту. Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз», — деді мемлекет басшысы.
Айта кетері, елордада Астана халықаралық форумы басталды. Бүгінгі басқосуға мәртебелі меймандар, атап айтқанда, Руанда президенті Поль Кагамеге және Солтүстік Македония президенті Гордана Силяновска-Давкова, Еуропа Кеңесінің бас хатшысы Ален Берсе, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінің жетекшілері және тағы басқалары қатысып жатыр.