ГосорганыНур-Султан

«Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек»: депутат Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алды

«AMANAT» партиясы фракциясының Мәжілістегі жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Ұлттық қордан қаражат алу 2024 жылы ең шекті деңгейге жеткенін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біз бюджет саясаты бойынша елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз. Біріншіден, ол – бюджеттің теңгерімсіздігі. Бюджет қаражатының басым бөлігі, атап айтқанда 92%-і міндетті шығыстарды жабуға бағытталғаны белгілі.

Бұл – елімізді дамытуға, яғни болашаққа салынатын инвестицияға небәрі 8-ақ пайыз ғана қалады деген сөз. Мұндай жағдайда серпінді даму, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру туралы сөз айтудың өзі артық.

Екіншіден, бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаражат алу 2024 жылы ең шекті деңгейге жетті. 2024 жылы бюджеттің кіріс бөлігі 13,1 трлн теңгені құрады. Жоспарда 16,1 трлн теңге болатын. Яғни, бюджетке 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салықтық түсімдер түспеді», — дейді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат сөзін жалғай отырып, бұл Үкіметтің салық және бюджеттік саясатының күйрегенінің белгісі екенін айрықша атап өтті.

«Демек, Үкімет бюджетке нақты салықтық түсіммен қамтамасыз етілмеген кірісті салып отыр. Мұны біз Үкіметтің экономикалық блогының жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен кәсібилік таныта алмауы есептейміз. Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, бұған қоса, «Қазатомпром» арқылы тағы 1 триллион теңгені бюджет есебіне алды. Мұның барлығы – Ұлттық қордың қаражаты.

Сонымен, биыл Ұлттық қордан 6,6 триллион, ал келесі жылы тағы 5,3 трлн теңге алынады. Бұл – шамамен 24 миллиард АҚШ долларына пара-пар. Ол – жалпы Ұлттық қор көлемінің үштен біріне тең сома. Мұның соңы қордағы активтердің азаюына ұшыратады.

Әріптестер, болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек. Қазір оны еліміздің барлық ата-аналары мен балалары қадағалап отыр», — дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.

Айтуынша, бюджет тапшылығы мәселесін үнемі қор қаражаты есебінен шешу – Үкіметтің үйреншікті ісіне айналды. Ұлттық қорға арқа сүйеудің де шегі бар. Президент айтқандай, «Ұлттық қор – балаларға!».

«Үшіншіден, мемлекет қарызының үздіксіз өсуі. Шығыстарымыздың үштен біріне дерлігі қарыз алу есебінен жабылуда. Мемлекеттік және үкіметтік займдарға қызмет көрсетуге арналған шығыстар үш жылда 6 трлн теңгеден асты.

Бұл ретте, қарыз алудың басым бөлігі Парламентті айналып өтіп, квазимемлекеттік сектор арқылы жүрді. Биыл сыртқы қарыз жыл басынан бері 3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 166 млрд АҚШ долларынан асты. Яғни сыртқы қарыз еліміздің 4 жылдық бюджетімен теңесіп отыр.

Демек, соңғы он жылда еліміздің сыртқы қарызы 16,5 млрд долларға өсіп, Ұлттық қордың активтері 17,5 млрд долларға азайған. Мәселенің күрделілігін қордаланған экономикалық проблемалар айқын көрсетіп отыр», — дейді Елнұр Бейсенбаев.

Сөзін жалғай отырып, бұдан еліміз Ұлттық қор қаражатына шектен тыс тәуелді болуынан туындаған терең бюджеттік дағдарысты бастан кешіп жатыр деген тұжырым жасауға болатынын айтты.

«Төртіншіден, бұрын біз инвестиция тартудан көшбасшы болғанымызды атап өткен жөн. Жаңа ғана депутаттар осы мәселені көтерді. Алайда, оған тыңғылықты, нақты жауап ала алмадық. Мысалы, биыл экономиканың нақты секторына сыртқы инвестициялар былтырмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген. Мұндай күрт құлдырау таяу жылдары экономикаға бірнеше есе кері әсерін тигізетіні анық.

Бесіншіден, Үкімет жаңа кіріс көздерін іздестіруге бел шешіп, кіріспей отыр. Өйткені Ұлттық қордан қаржы ала салу оңай. Бұл Үкіметтің экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету қабілетіне күмән тудырып, жүргізіліп жатқан бюджет саясатына сенімді азайтады.

Мұқият қарасақ, мұндай қаржы көздері бар. Мысалы, екінші деңгейдегі банктерде 50 триллион теңгеден астам қаражат шоғырланған. Олар экономиканың нақты секторына салынбай, негізінен халыққа жоғары пайыздық үстемемен тұтынушылық несиеге бөлінуде. Демек, банктер біздің экономикамыздан табыс тауып отырып, оған қаржы салуға мүдделі емес», — деп ойын жеткізді депутат.

Заңды тұлғалардың кредиттік портфелі 2012 жылы жалпы ішкі өнімнің 25%-ін құраса, ал бүгінде бұл көрсеткіш 8%-ке төмендеген. Яғни екінші деңгейдегі банктер экономиканың нақты секторларын несиелендіруді Жалпы ішкі өнімге қатынасы бойынша үш есеге қысқартқан.

Бұдан бөлек, негізгі мемлекеттік қорлар триллион теңгені мемлекеттік бағалы қағаздарда ұстап отыр, бұл да экономикада мардымсыз жұмыс істеуде, сондықтан біз қаражаттың нақты секторға бағытталуы үшін қарқынды инвестициялық саясат жүргізу қажет деп санаймыз, дейді ол.

«Келесі. Тұрақсыз валюта саясаты. Таяуда доллардың теңгеге қатысты бағамы «жай ғана цифр» деп мәлімденуі – оның болашақта азаматтарымызды қандай қаржылық салдарға ұрындыратынының есепке алынбауы деуге болады. Біз мынаны түсінуіміз керек. Айлықтан айлыққа дейін өмір сүріп, әзер жан бағып отырған жандардың саны доллардың жоғары бағамы тиімді болатын экспортерлермен салыстырғанда, мың есеге көп. Осыдан заңды сұрақ туады: Үкімет кімнің жағында? Қарапайым адамдар жағында ма, әлде олигархтардың мүддесін көздей ме?

Жетіншіден, 2009 жылдан бастап Үкімет үш жылдық жоспарлауға көшті. Алайда әлі күнге дейін тіпті болмағанда бюджетті бір жылға жоспарлауды үйренбеді. Бұған жыл бойы бюджетке Парламенттің қатысуынсыз қабылданған тоғыз түзету енгізілгені дәлел. Үкіметтің жаңа экономикалық блогының бір жылға жуық жұмысында біз келесі 10 жылға арналған ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлауын көрмедік. Бұл Үкіметтің қолданбалы экономикалық зерттеулер саласында тәуелсіз институттардың, сарапшылардың дамуына мүдделі еместігін көрсетеді.

Мұндай жағдай шенеуніктердің өздері дайындаған сапасыз талдаулар мен болжамдарға байланысты болып отыр. Оның салдары елімізде экономика ғылымының дұрыс дамымауы болып отыр. Ғылым болмаған жерде, даму да жоқ. Бұл – аксиома», — деп депутат Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алды.

Ол халықтың жағдайы әлі күнге дейін жақсармай отырғанын ерекше атап өтті.

«Келесі. Экономикалық өсімге, яғни Жалпы ішкі өнімнің былтыр 5,3%-ке, биыл 4%-ке өскеніне қарамастан, халықтың жағдайы жақсармай отыр. Экономика өсуде, ал халықтың кірісі өспей тұр. Дамыған елдерде Жалпы ішкі өнімнің 4% өсуі дереу халықтың әл-ауқатының артуына әсер етеді. Біздің жағдайымызда мұндай өсім байқалмай отыр.

Меніңше, бұл жерде статистиканың әлсіздігі байқалады», — дейді ол.

Сөз соңында ол «Ауыл аманаты» жобасы бойынша бюджетте бір теңге де қарастырылмағанын қозғап өтті.

«Құрметті депутаттар! Жыл басында жаңа Үкімет қызметіміздің басты бағдары – мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы мен жолдаулары деп мәлімдеген болатын. Премьер-министрдің Фракция отырысындағы бұл мәлімдемесіне қарамастан, президенттің бағдарламасындағы негізгі тармақтардың орындалмау қаупі бар.

Қасым-Жомарт Кемелұлы инаугурациядан соң қол қойған ең бірінші жарлығы – ауылды түлету мәселесі болды. Сол үшін  Президент тапсырған ауылды дамытуға бөлінетін бір триллион теңге қысқартылмай, дер кезінде жетуі қажет.

Осы ретте, біз мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде мұны қадағалаймыз. Дегенмен, бұл тапсырманың уақытылы орындалуы бойынша қауіп бар. Өйткені үш жылдық бюджет жобасында  «Ауыл Аманаты» бойынша бір теңге қарастырылмаған. Ал негізгі қажеттілік – 100 млрд теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» бойынша да қосымша 100 млрд теңге керек. Одан бөлек, отандық дәрі-дәрмек өндірісін 35 пайызға жеткізу межесі де орындалмады. Бұл – алаңдатарлық жағдай», — деді «AMANAT» партиясы фракциясының Мәжілістегі жетекшісі.

Другие новости

Back to top button