Боксты қойсақ қайтеді, ағайын…
Кешіріңіздер, «айтылмаса, сөз жетім» дейді, қазақ. Бізге бар ынтамыз бен назарымызды боксқа ғана аударуды қою керек сияқты. Бокс ата-бабамыздан мұраға қалған өнер емес. «Білектің күшін» көрсету керек болса, ескек есу спорты, теннис және т.б. бар. «Найзаның ұшын» сомдау қажет болса, найза лақтыру, ядро серпу және семсерлесудің үш түрі (қылыш, рапира, шпага) бар.
Ал бокс еріккен бай-манаптардың қызыққа батып, сауық-сайран құру үшін шығарған ермектері екенін де естен шығармайық. Рас, кейіннен спорт түріне икемдеп, ережелер енгізіп, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді.
Алайда, заман өзгеріп, бокс өркениетті елдер үшін спорт және өнер мәртебесінен айырыла бастағандай. Олимпиада ойындары бағдарламасындағы ерлер арасында сарапқа салынатын медальдар жиынтығы кеми бастады.
Енді, бірер жылдан кейін Олимпиада бағдарламасынан шығарылып тасталуы да ғажап емес. Бұл жерде бар кінәні тек Төрешілер мен жекпе-жектер шешіміне арта салуға болмайды. Әрине, «аяқтан шалу», «бұра тарту», «әділ шешім шығармау» фактілері де жиі кездеседі.
Мәселенің төркіні, бокстың спорттан гөрі – бет бұзып, бас жарар төбелеске етене жақын екендігінде. Түптің түбінде, бокс та «ережесіз төбелестер» сияқты тек кәсіпқой спорт түріне айналып жатса, таң қалмаймыз…
Бокс Қазақстанға қашан келген? Ресми түрде 1933 жылы! Бокстан Қазақ еліндегі тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы негізін қалап, «іргесін» тұрғызған. Ал Қазақ топырағына футбол 1913 жылы, велоспорт 1914 жылы, жеңіл атлетика 1918 жылы және т.т. келген.
Бокс бізге не берді? Әрине, Олимпиада ойындарынан «7 алтын, 7 күміс, 8 қола алдық» дейміз, шіреніп. Әлем чемпионаттарынан 14 алтын, 15 күміс, 22 қола алғанымызды да, көлденең тартуға болады.
Ал қандай теріс әсері болды?! Бокс біздің жершілдікке, рушылдыққа бөлінетін алауыздығымызды ушықтыра түсті. Таза трайбализм десем, айып ете қоймассыздар… Талай жігіт «әділетсіздіктің құрбаны болдым» деп, құрлық асты, басқа елге кетті…
Солардың көбісі кәсіпқой боксқа ойысып, нәпақа табуға кірісті. Бәрінің бірдей бағы жанып кеткен де жоқ. Қайсыбіреуі білікті менеджер мен әккі промоутер таппай, көп уақыт жоғалтты. Базбіреулері жарақат алып, ден-саулықтарына зиян келтіріп алды…
Мен боксты мүлде қою керек демеймін. Бірақ «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ер Төстігім – бір төбе» демекші, «боксымыз – бір төбе, басқа спортымыз – бір төбе» деген ұғымды жою керек. Боксқа да басқа спорт түрлеріндегідей көңіл, қаражат бөлінсін.
Өйткені, біз бокстан өте көп бала дайындаймыз. Алайда, жоғары деңгейге жетеқабыл күйлерінде көбісі қажет болмай қалады. Өйткені жылдан-жылға Олимпиада ойындарындағы салмақ дәрежелері де қысқарып келе жатқанын атап өттік. Әрине, содан соң іріктейміз. Ең талантты, үздіктерін таңдап аламыз ба? Білмеймін. Әлде ағасы бар, «жағасы» бар, ақшасы бар, «бақшасы» бар, қолы ұзындарын сүзіп аламыз ба? Білмеймін…
Бұрын, Кеңес Одағы дәуірінде бір тамаша тәжірибе болған. Жүзу спортында өте жылдам жүзе алмайтын, уақыт нормативін орындай алмайтын бозбалаларды Су добы спортына ауыстыратын. Содан бізде, яғни Алматыда өте азулы команда пайда болды. КСРО құрамасында 2-3 қазақтан ойнады. Олимпиада чемпионы болып, Әлем және Еуропа чемпионы атанғандары да аз емес.
Бұл ретте, бізге бірнеше медаль жиынтығы сарапқа салынатын спорт түрлеріне көп назар аудару керек секілді. Мәселен, ұлттық болмысымыз бен ата-бабаларымыздың өнер-қабілеттеріне жақын нысана көздеу, семсерлесу, ескек есу, садақ тарту, велоспорт, жеңіл атлетика, конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, биатлон, шорт-трек және т.б.
Құралайды көзге атқан мергендік қанымызда бар. Білектің күші мен шапшаңдық та бізге таңсық емес (Қазір қол тіресуден әлемді мойындатып та жүрміз). Арғымақтың ерінде жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым жерді басып өте алатын қазаққа «белесебет» ершігінде 200-300 км-ді жүйткіп өту қиынға соқпас. Рингке қарсыласымызды нокаутқа түсіретін соққыларымызды кортта да паш етіп, жанкүйерлерді эйспен (ace) сүйсіндірейік.
Ал бокстың ең бір жаманы, ұтылсаң – бітті! Жартылай финалға дейін жеңіліске ұшыраған боксшы жүлдеден үмітін үзеді. Тіпті күрес түрлеріндегідей 3-орын үшін белдесу мүмкіндігі де туындамайды. Әрі бокстың жеребесі – мүлде «соқыр»…
Бұл орайда, естеріңізге Бейжің-2008 Олимпиадасын салайын. Қытайда өткен төртжылдық додаға 10 боксшы апардық (ол кезде 11 салмақ дәрежесі болған). Сол 10 боксшыны дайындау үшін әрқайсысына екі-үш спарринг-серіктестен қосып, барлығы 20-30 жігітті жаттықтырдық. Олар ештеңеден тарлық көрген жоқ. Алайда, бұйырғаны 1 алтын мен 1 қола ғана болды.
Сол жолы 48 келі салмақ дәрежесінде Б.Жақыповқа сенім арттық. Бәріміз де оның ринг «қожайыны» Цзоу Шиминмен жолы түйіспесе, бір жүлде аларын білдік. Өйткені, оған лайықты басқа қарсылас жоқ еді. «Жартылай финалға дейін жолдары түйісіп қалмаса екен» деп тіледік. Ол кезде рейтингтеріне қарап жіктеу (сеяный) деген де жоқ болатын.
Басқасы басқа, бірақ Қытай төрінде төрешілердің Цзоуды біздің Біржанға жығып берместері анық еді. Өкінішке қарай, екеуі ширек финалда кездесіп (4:9), Біржан елге жүлдесіз қайтты. Ал бұл бокс емес, күрес түрлерінің бірі болса, Біржан қола медаль еншілеп қайтар еді ғой, ә?
Ал біз сол 10 (20-30) жігітті ескек есу спорты түрлерінен дайындасақ ше?! Мысалы, Б.Жақыповтың деңгейіндегі спортшымыз Қытай ескекшісінен жекелей сындағы 200 метрлік қашықтықта қалса да, 1000 метрде есе қайтаруға тырысар еді ғой. Әйтпесе, жұптасып өнер көрсетуден 200 және 1000 метрлерде, сондай-ақ «төрттіктегі» 1000 метр қашықтықта жүлдеге ілінуі де мүмкін болар ма еді?
Ашығын айту керек, бірақ бұл да оңай емес. Өйткені бізде бокс пен күрес түрлерінен басқасында Ұлттық құрама сапына ілігу – өте қиын. Бәрі де Кеңес дәуіріндегі бізге «жанашырлардың» құлағымызға құйып кеткен пәлсапаларынан басталған. Сондай мамандар біздің басшыларға «сіздер тек жекпе-жек түрлеріне ғана бейімсіздер, командалық спорт түрлеріне икемдеріңіз мүлде жоқ» деп иландырып кеткен…
Бұл сөздерді бірсыпыра басшылардың ауыздарынан естігенбіз. Бірақ біз қалай айтсақ та, олар құлақ аспаған. Ал әлгі «жанашыр» мамандардың уәждеріне Абай тіліміен айтқанда, «шыбындап» бас изеген. Алайда олар бізде, яғни қазақ халқында ұлттық спорт ойыны бар екенін естерінен шығарған. Ол – көкпар.
Көкпар – ерекше командалық ойын түрі. Мұнда шабандоздың ептілігі, күш-жігері, батылдылығымен қатар, астындағы аттың да қайратты, жүйрік болуы маңызды емес пе? Ал тактикалық айла-тәсілдері кейбір спорттық ойын түрлерін он орап алады.
Қазақ командалық спорт түріне икемді болмаса, О.Жарылғапов, З.Жәркешев, Ж.Сауранбаев, Ә.Жармұхамедов, Н.Меңдіғалиев, Е.Аяпбергенов, А.Оразалинов, Қ.Байболов, М.Жексенбаев, С.Қалымбаев, Б.Сексенбаев, С.Шаймерден, Е.Құмарғалиев, Б.Қадырбеков, Т.Әутәліпов, М.Уанбаев және т.б. қайдан шықты? (Ұмытқандарым болса, қосарсыздар).
Өкінішке қарай, бізде қайсыбір спорт түрлеріне «тұмсық» тығу мүмкін емес. Мысалы, биатлоншы қызымыз Динара Әлімбекова нағашы жұртына кетпегенде, өз елімізде жүріп Ұлттық құрама сапына ілігуі екіталай еді. Ал Динара Талғатқызы Беларусь еліне барып, 2018 жылы қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.
Сондай-ақ, ескек есу спорты тек ағайынды Емельяновтардың «меншіктеп» алған спорттары емес қой… Хоккейіміздің түрі – анау. Балалар арасындағы ақылы секцияларда қарадомалақтарымыз ез емес, тіпті көп те сияқты. Ал Ұлттық құрама сапында – азаматтық алған Канада, АҚШ, Швеция және Ресей ойыншылары…
Тұздық: Көптен бері жадымды шырмаған осы ойымды ақтарып салуға түрткі болған Айдос бауырымыздың жарақаты ұшықсыз болсын деп тілеймін. Тезірек айығып, қатарға қосылуына шын жүректен тілектеспін. Әрі енді рингке қайта оралмаса деймін. Спорт басшылары «еліміздегі 20 аймақтың біріндегі Бокс федерацияларының қайсыбірінен лауазымды қызмет ұсынады» деп үміттенемін.
Журналист Нұрғазы Сасаевтың желідегі жазбасы