Госорганы

Бизнестің салығын бюджетті толтыру үшін емес, оларды шығынға батырмайтындай көлемде бекіту керек – депутат

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат, AMANAT фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдай отырып, қосымша құн салығы мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Салық кодексі бойынша жұмыс тобының жетекшісі ретінде депутат осы саланың сарапшыларынан, білікті экономистерден, ірі бизнес қауымдастықтардан және саяси партиялардан нақты әрі жүйелі ұсыныстар түсіп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде Үкіметтің салық саясатына байланысты қосымша құн салығын көтеру ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оған себеп – Үкіметтің бюджет тапшылығын толтырудың жолы ретінде НДС-ті бірден 20 пайызға дейін көтеруді ұсынуында. Аталған межені кім анықтады, жүйелі есеп-қисабын кім жүргізді? Оны ресми түрде Мәжіліске қарауға қашан бересіздер — деген сұрақтар туындайды», — деді сауалын бастаған ол.

Бұл ретте депутат қазіргі бюджет дағдарысы ұзақ жылдар бойы қалыптасқанын, оның терең әрі жүйелі себептері бар екенін ашық айтты.

«Ауыр болса да батыл шешім қабылдайтын уақыт келді дегенді көп естиміз. Бұнымен көп адам келіседі деп ойлаймын. Бірақ, шын мәнінде біз не көріп отырмыз? Үкімет бір сәтте-ақ ҚҚС өсіріп, оның шегін төмендетуді ұсынып отыр. Бірақ, ҚҚС тауар айналымының салығына айналып кетіп, тауардың құнына қосылып кетуі мүмкін, ал, бұл өз кезегінде соңғы тұтынушыға салмақ салады. Сондай-ақ бизнес одан сайын көлеңкеге кете береді деген күдік бар», — дейді ол.

Өз сөзінде Берік Бейсенғалиев «экономиканы дамыту – қазіргі ең маңызды міндет екенін және үкіметтің жұмысын ел экономикасын дамытуға, шетелдерден инвестиция тартуға, бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағыттау керек» деген сөз деп атап өтті. Бұл өз кезегінде экономиканың өсіміне салықтан түсетін түсімдерді көбейтеді.

«Біздің ойымызша, келесі қадамдар осының жауабы бола алар еді:

Біріншіден, керексіз шығындарды қысқарту арқылы бюджеттің шығысын оның кірісімен барынша теңдікке түсіру керек. Сондай-ақ, әртүрлі деректерге сай, біздің экономикамыздың үштен бірін алып жатқан көлеңкелі экономиканы іс жүзінде ашық экономикаға айналдыру керек. Яғни, көлеңкелі бизнестегі субьектілерді салық төлейтіндердің қатарына қосу керек.  Мемлекет шын жұмыс орындарын ашатын, қосымша құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындарға ғана ақша салуы керек», — дейді ол.

Үкіметтің қосымша құн салығын арттыруға қатысты бастамасына жеке тоқталып өткен депутат Бектенов осы мәселені Парламент Мәжілісінің қарауына шығарған кезде бірнеше мәселені назарға алса екен деген ойын айтты.

«Бірінші. Біздің ойымызша, үкімет бұл мәселеге кешенді түрде, яғни, өзге де тәсілдер мен ұсыныстарды зерттеп барып кірісуі керек.

Екіншіден. Мысалы, қазір талқыланып жатқан жаңа Салық кодексінде жеңілдіктер қарастырылған, алайда, олардың қаншалықты мақсатты екенін ел бюджетіне төніп тұрған қазіргі қауіптерді ескере отырып, қайта қарау керек.

Үшіншіден. Халықпен жұмыс істейтін бизнес субьектілері үшін бөлшек салықтың қазіргі режимін сақтауды ескере отырып, ҚҚС шегін азайту турады мәселе қосымша талқылауды қажет етеді деп ойлаймыз.

Үшіншіден. Салықтық әкімшілендіру жөніндегі жұмыстарды тез арада жақсарту керек, салықтан жалтаруға қатысты күресті күшейту керек. Яғни, үкімет айтып тұрғандай, бизнестің салығын бюджетті толтыру үшін ғана емес, бизнесті шығынға батырмайтындай көлемде алу керек. Осыларды ескере отырып Үкімет Парламент Мәжілісіне қосымша құн салығын арттыру туралы бастаманы енгізер кезде біздің ұсыныстарды ескеруіңізді сұраймыз», — деді сөзін аяқтаған ол.

Другие новости

Back to top button