Социум

«Бізге бірдеңе болса, балаларымыз жетім қалады»: Жалғызбасты аналар жеңілдетілген ипотекалық бағдарламадан қағылғандарына наразы

Жеңілдікпен берілетін баспана нарығында тағы бір жанжал шықты. Астанада жалғызбасты аналар өздеріне қолжетімді жылына 2 пайызбен берілетін бағдарламаға енді қатыса алмайтындарын айтып, наразы болды. Ал басқа ипотекалық бағдарламаға олар қатыса алмайды, себебі қалтамыз көтермейді дейді, деп хабарлайды   КТК арнасы.

 

Айсұлу Жапарова екі ұлды жалғыз тәрбиелеп отырған ана. Жалақысы мен алатын алименті пәтер жалдау мен тамаққа ғана жетеді. Әйел бірнеше жыл бойы бастапқы жарнаға қаражат жинап, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша кезекке тұрған. Алайда ол отбасының көптен күткен пәтерін ала алмайтынын біліп, көңілі жабырқаулы. Ал ипотеканың басқа түрлерін ол төлеуге қауқарсыз.

“Біз халықтың әлеуметтік жағынан өте осал санатымыз. Өйткені балаларымызды жалғыз тәрбиелеп жатырмыз. Мысалы, біз ауырып қалсақ немесе бізге бірдеңе болса, балаларымыз жетім қалады. Біз арқа сүйейтін ешкім жоқ. Сенетін адамымыз да жоқ”, – дейді жалғызбасты ана Айсұлу Жапарова.

Бір санатты түгел алып тастаудың себебін мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратын мамандар былай түсіндірді. Көптеген адам бағдарлама ұсынатын қызметті алаяқтықпен пайдаланғысы келеді екен.

Мамандардың айтуынша, «Бақытты отбасының» іске қосылуымен елімізде жалған ажырасулар саны айтарлықтай артқан. Жеңілдетілген ипотекалық несиелендіруге қатысуға ең көп өтінішті «толық емес отбасылар» санатының өкілдері бере бастапты, өйткені ажырасуды мүгедектікке қарағанда құжатпен дәлелдеген жеңілірек.

“Коронавирус кезінде ажырасуға арыз беру қиындап кеткенде өтініш берушілер саны 48 мыңға дейін қысқарды. 2021 жылы тағы да өсім байқалып, 48 239-ға жетті. Біздің ойымызша, жалған ажырасудың бір себебі – халықтың кезекке тұруға құштарлығы. Өйткені «толық емес отбасы» бағыты бойынша бағдарламаға қатысуға ажырасу туралы анықтама жеткілікті”, – дейді «Отбасы Банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Бүгінде 6 миллион 120 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінде тұр. Оның ішінде 430 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал санатындағы адамдар.

Олар төрт негізгі топқа бөлінеді: көп балалы отбасылар; мүмкіндігі шектеулі адамдар; ерекше балалар мен жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар.

Мемлекет мүгедек жандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде ерекше көңіл бөлетін болады. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасынан «Шаңырақ» бағдарламасына ауысқан толық емес отбасылар бағдарлама бойынша енді артық төлеуге мәжбүр.

“Бұл бала тәрбиелеп, сонымен бірге жұмыс істейтін адамдар. Олардың балаларының дені сау. Олар «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламасы бойынша пәтер алады. Айырмашылық тек сыйақы мөлшерлемесінде. Әр отбасы деңгейінде 30 мың теңге шамасында шығады”, – дейді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Жалғызбасты аналар бұл шешіммен келіспейді. Олар қазірдің өзінде тиісті министрліктер мен Мәжіліс депутаттарына жүгінген. Ал 10 күн ішінде ешнәрсе өзгермесе, олар биліктің жоғарғы орындарына шағымдануға дайын.

 

Другие новости

Back to top button