Биылдың өзінде 100 әртіс кетіп қалған: «Астана Опера» театры депутаттардан көмек сұрады
Мәжіліс депутаттары, Amanat партиясы фракциясының мүшелері Үкіметтен «Астана Опера» театры қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжілісмен Сергей Пономарев әріптестері атынан премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, «Астана Опера» театрының ұжымы Мәжілістен шығармашылық ұжым мен өндірістік цех жұмысшыларының айлығын көтеру мәселесін қарастыруды өтінген.
«2021 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында бюджеттік саланың, соның ішінде мәдениет, мұрағат, кітапхана қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға көтеруді тапсырған болатын. Содан бері жағдай жақсарды, бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттік меншік формасындағы мекемелердің қызметкерлерінің ғана еңбекақысы көтеріліп келеді. Коммерциялық емес акционерлік қоғам болып құрылған «Астана Опера» театры бұдан қалыс қалды. Ал театрдың 100 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі», — дейді депутат.
«Астана Опера» театры ашылған 2013 жылдан бері қызметкерлердің жалақысы бір-ақ рет, 2022 жылғы қаңтарда 20 пайызға көтерілген. Одан кейін Қаржы министрлігі заңды тұлғаның меншік нысанын желеу етіп, айлықты ұлғайтуға берілген бюджеттік ұсынымдарды жыл сайын кері қайтарып келеді.
Пономаревтің айтуынша, айлықтың аздығынан өнер жұлдыздары театрдан кетуге мәжбүр. Тек 2024 жылдың өзінде театрдан 100-ден астам музыкант, әртіс, инженер мен шебер кеткен. Ал кәсіби мамандарды алмастыратын адам жоқ.
«Мысал ретінде айтайын, хор солистері мен әртістері әр опералық спектакль үшін итальян, француз тілдерінде 300 бетке жуық музыкалық материал жаттайды. Ал балет әртістері сахнаға шығып, өнер көрсету үшін 10 жылдан астам оқып, күн сайын 8-10 сағат дайындалады. Бұл өте ауыр еңбек, ең жоғары еңбекақыға әбден лайық. Елдің ең басты сахнасының проблемасына назар аударуды сұраймын. Біз олардың өнерін тамашалау үшін билетті әрең табамыз, ал әртістер шын мәнінде жұтап жүргенін білмейміз», — дейді мәжілісмен.
Қазір театр әртістерінің жалақысы басқа республикалық немесе ұлттық театрларға қарағанда минимум 1,5 есе төмен. Пономарев театр әртістерінің айлығын көтеру мәселесін шешуге 1,5 млрд теңге қажет екенін айтты.
Осыған байланысты «Amanat» партиясының фракциясы Үкіметтен «Астана Опера» театрының барлық қызметкерінің жалақысын 30 пайызға көтеруді сұрады.