Госорганы

Биыл көкөністерді ұзақ мерзімге сақтайтын 29 қойма салынады

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жоспарының аралық нәтижелерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Кешенді жоспар аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі жоспарланған 181,5 мың тоннаның орнына 200,8 мың тоннаға 37 жоба атқарылған.

«Осылайша жоспарланған көрсеткіштер 110 пайызға орындалды. 2023 жылдың соңына дейін 111,5 мың тонна өнімге 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ретте сақтау қуаттарымен қамтамасыз ету бойынша нақты көріністі белгілеу үшін министрлік Сауда және интеграция министрлігімен және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, санаттары бойынша бөлініп, барлық қоймаларға тексеру жүргізеді. Тексеру қорытындысымен 2023-2025 жылдарға арналған жоспар қайта қаралады», — деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдауды реформалау жұмысы шеңберінде өнімнің тауарлық сипатын сақтай отырып, ұзақ мерзімге сақтайтын арнайы жабдықтары бар заманауи қоймаларды салу кезінде инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 25%-дан 50%-ға дейін арттыру жұмыстары жүріп жатыр.

Бұған дейін министр көкөніс бағасының маусымдық қымбаттауын болдырмау үшін сақтау қоймаларын күшейту қажеттігін айтқан еді. Оның айтуынша, Қазақстан негізгі көкөністермен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр.

Другие новости

Back to top button