Бишімбаев қандай жағдайда мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы мүмкін екені айтылды
Көктемде өткен Қуандық Бишімбаевтың сотында жәбірленуші тараптың адвокаты болған Жанна Оразбақова қылмыстық істерде азаматтық талаптың қаншалықты маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУЫ МҮМКІНДІГІ
Заңға сәйкес сотталушы жазасының бір бөлігін түзету мекемесінде өтеп, шығынды толық төлегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алады. Егер жәбірленуші тарап шығын төлеуді талап етпесе сотталушының бостандыққа шығып кеткенін білмей де қалады. Мен адвокат ретінде жәбірленушілерге моральдық, материалдық шығын сомасын талап етудің маңыздылығын айтамын. Бастапқыда 90%-ы «бізге ақша қажет емес» деп бас тартады. Мәселе ақшада емес. Мәселе – қылмыскердің бостандыққа шығып кетуіне мүмкіндік бермеуде! Көбірек ақша талап етсеңіз, қылмыскердің шартты түрде мерзімінен бостандыққа шығу мүмкіндігі де төмен болады, — дейді адвокат.
СОТ БАСТАЛДЫ
Айтуынша, ол марқұм Салтанат Нүкенованың туғандарын азаматтық талап жазып, моральдық шығын өндіруге көндірген.
Оларды мен талап-арыз жазуға ұзақ үгіттедім, міне, сот басталды, — дейді заңгер.
Еске салайық, бұған дейін Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің Қуандық Бишімбаевтан өтемақы өндіру туралы арызы сотқа түскен болатын. Астана соты арызды қарауға кіріскен, қазір сот жүріп жатыр.