Северо-Казахстанская область

«Бір сағатта 2-ақ автобус келеді»: Қазақстанда жасалған су жаңа автобустар бір жылға жетпей бұзылып жатыр

Петропавлда былтыр ғана лизингке алынған жаңа автобустар бір жылға жетпей бұзылып жатыр. Тасымалдаушылар жаңа қоғамдық көліктердің қосалқы бөлшектері бірінен соң бірі істен шығып жатқанын айтады. Қытайда шығарылып Қазақстанда құрастырылатын автобустарға елімізде қосалқы бөлшектер де жоқ екен. Енді кәсіпкерлер төрт миллиард теңге тұратын жүз жаңа автобустың несиесі төленіп біткенше, техниканың сау тамтығы қалмай ма деп қорқады, деп хабарлайды  Информбюро жаңалықтар қызметі.

100 жаңа автобустың құны 4 миллиард теңге болған. Сол кезде жергілікті билік өкілдері тұрғындарға бұл қоғамдық көліктерді жайлы, сапалы деп сүйіншілеп тұрып көрсеткен еді. Бірақ бір жылға жетер жетпес уақыттың ішінде автобустар бірінен соң бірі бұзыла бастаған. Ал тұрғындар жаңа техниканың сын көтермейтінін айтады.

“Соның кесірінен қоғамдық көліктер өз уақытымен жүрмейді. Бір бағытта 2-3 автобус қана көреміз. Бұл сұмдық қой. Бір сағаттың ішінде 2-ақ автобус келеді”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Морозова.

Ал тасымалдаушылар бір жыл бұрын ғана лизингке алған автобустардың күнәра істен шығатынын жасырмайды.

Әрбірі 40 миллион теңге тұратын Қытайда шығарылып, Қазақстанда құрастырылатын «Ютонг» автобустарының сапасы бағасына сай болмай шықты деп ашулы. Бірінің ажыратқыш тетігі, екіншісінің тежеуіш жүйесі сияқты қосымша бөлшектері кезекпен істен шығып жатыр екен. Сорақысы, сол бөлшектерді ауыстыратын сервистік орталық Қазақстанда атымен жоқ.

“Автобустар бір жылдың ішінде осындай күйге түсті. 7 жылдан кейін несиені төлеп біткен кезде ескі-құсқы темір-терсекке айналады. Автобустардың бағасы да өте қымбат. Биліктің үгіттеуімен бізге осы техниканы несиеге алғызды”, – дейді Автобус паркінің басшысы Болат Рақымов.

Тасымалдаушылармен кездесуге келген Қытайлық компания өкілдері қоғамдық көліктің не себепті істен шыға беретінін түсіндіруден бас тартты.

Бірақ кәсіпкерлермен жеке дара кездесу өткіземіз дейді. Ал қала билігі жаңа автобустарды тасымалдаушылардың өзі таңдағанын, әкімдік оларға қыстап қол қойғызбағанын айтады.

“Акимат оны ешкімге алдыртқан жоқ. Ол құжаттарды қарасаңыз, договорларды қарасаңыз ол договорда үш қол тұр. Өзі подрядчик, Солтүстік әлеуметтік корпорациясы және Фонд развития промышленности. Біздің қолымыз жоқ”, – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Тасымалдаушылар қоғамдық көлікке тиесілі субсидияны дұрыс ала алмай жүргендерін де айтады. Ол қаржыны әкімдіктен айлап күтеміз дейді. Ал жергілікті билік тасымалдаушыларға екі миллиард теңге қаржы бөлгенін, оны жыл аяғына дейін толық өтейтінін жеткізді.

 

Другие новости

Back to top button