Госорганы

«Бір директор 28 жыл отырып ештеңе тындырмаған»: спорт мектептерінің басшыларына KPI қойылады

Енді республикалық мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының бірінші басшылары және жергілікті мемлекеттік дене шынықтыру спорт ұйымдарының бірінші басшылары арасында ротация жүргізіледі. Парламент Сенаты мақұлдаған «Кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда осындай норма қарастырылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда балалар-жасөспірімдер спорт мектептері сияқты спорт ұйымдарында ротация енгізіледі.

«2024 жылдың қорытындысы бойынша Туризм және спорт министрлігі жанынан республикалық комиссия құрылған болатын. Ол комиссия барлық аймақты аралап, сол жердегі негізгі проблемаларды қарап шыққан. Олардың біреуі және бастысы – спорт мекемелерінің басшылары, өкінішке қарай, ешқандай нәтиже көрсетпеген. Кейбір аймақтарда 20 жылдан астам уақыт бір ұйымды басқарып отыра берген. Әкімдер ауысады, спорт басқармаларының басшылары ауысады, бірақ мектеп директорлары ауыспаған. Кейбір өңірлерде бір директор 28 жыл отырған. Ешқандай нәтиже көрсетпеген, ешқандай даму болмаған. Сондықтан біз болашақта осындай мәселелерді болдырмау үшін ротация тәсілін енгізуді жөн көрдік», — дейді туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.

Оның айтуынша, қазір елімізде балалар мен жасөспірімдерге арналған 521 спорт мектебі бар.

«Ротациялау тәсілін енгізгеннен кейін, біз директорларға KPI қоямыз. Олар сол KPI-ды орындамай, әрі қарай өз жұмысын жалғастыра алмайды. Негізгі ротацияның мерзімі бес жыл деп қарастырып отырмыз. Неге бес жыл? Өйткені Олимпиада кезеңі төрт жыл, оған дайындалу бір жыл. Сондықтан бес жылға ротация тетігін енгізіп жатырмыз. Бұл бір жағынан жұмыс істеп жатқан басшыларға стимул болады, бостан босқа отырмас үшін осындай міндеттер қойып жатырмыз. Егер оң нәтиже көрсетсе, ротация тағы бес жылға ұзартылады. Ал егер нәтиже болмаса, басқа жаққа ауысады немесе жұмыстан босатылады», — деп түсіндірді вице-министр.

Другие новости

Back to top button