Бақша (Диқан)Выбор редакции

Биогумус – ең табиғи әрі әмбебап тыңайтқыш

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласында минералды тыңайтқыш көп екені рас. Олардың құрамында өсімдіктерге қажетті негізгі қоректік элементтер – азот, фосфор, калий бар. Тыңайтқыштар мәдени дақылдардың  өнімі мен сапасын арттыру үшін қолданылады. Бірақ, минералды тыңайтқыштардың зияны да бар. Сондықтан да егіннің сапасы мен көлемін жақсартатын табиғи препаратқа ештеңе жетпейді.     

 

Көпшілікке белгілі қауіпсіз әрі табиғи тыңайтқыштың бірі – биогумус. Оның құрамында өсімдіктердің өсуіне қажетті элементтер, топырақ құрылымын байытатын және жақсартатын заттар көп.

Дүние жүзінің ауыл шаруашылығы ғалымдары биогумустың пайдасын растайды. Биогумус дегеніміз – арнайы саңырауқұлақтар мен бактериялардың көмегімен, жауын құрттары табиғи түрде өңдейтін органикалық заттар (оны вермикомпост деп те атайды).

Мұндағы  органикалық шикізат – арамшөптер, тауық көңі мен қи, сабан мен ағаш үгінділері, шіріген жапырақтар, азық-түлік және басқа да қалдықтар. Шылаушындар осы шикізатты өңдеп, тыңайтқышқа айналдырады.

Көңмен салыстырғанда вермикомпост зиянсыз және жағымсыз иісі жоқ. Сиыр тезегінде арамшөптердің тұқымдары мен ауру қоздырғыштары, сонымен қатар паразиттердің дернәсілдері болуы мүмкін. Ал шылаушын арамшөптердің тұқымдарын қорытып тастайтындықтан, ол топыраққа түскен соң қайтадан өспейді.

Табиғи тыңайтқыштың құрамы және пайдасы 

Жоғары сапалы органикалық тыңайтқыш – биогумустың құрамына мыналар кіреді:

  • ферменттер (ақуыздар);
  • өсімдік гормондары;
  • гуматтар;
  • амин қышқылдары;
  • табиғи антибиотиктер;
  • макро- және микроэлементтер (азот, бор және фосфор, мырыш, калий және мыс, сондай-ақ темір, күкірт, марганец);
  • микроорганизмдердің споралары;
  • гумин қышқылдары.

Жауын құрттары органикалық заттарды қорытып, оны антибиотиктермен, амин қышқылдарымен және ферменттермен қанықтырады. Алынған вермикомпост өсімдіктердің  түрлі ауруларға шалдығуынан сақтайды.

Биогумусты қолданудың артықшылығы

Тұқымның өнуі жеделдейді, тамыр жүйесі нығаяды, ауыр металдар залалсызданады. Вермикомпосттың арқасында астық өнімділігі артады, нитраттар азаяды, топырақ құрамы жақсарады.

Биогумус ерітіндісін қолданудың артықшылықтары:

  • кез келген маусымда пайдалануға болады;
  • кез келген түрдегі топыраққа жарамды;
  • құмырадағы және ашық жердегі өсімдіктерді күту үшін қолданылады;
  • ол тамырларды өңдеуге, үстінен бүркуге және қосымша құнарландыруға, және де тұқымдарды суға салып өндіру үшін қолданылады.

Ескерту: өсімдік түйін жарар кезеңде және гүлдегеннен кейін қосымша құнарландыруға болмайды.

Түйіршіктелген вермикомпост көшеттерді отырғызу кезінде негізгі тыңайтқыш ретінде қолданылады, түбінен қопсытқанда да пайдаланылады. Дақылдардың өсуі кезінде – қосымша құнарландырғыш  болады.

Мөлшері:

  • жеміс-жидек отырғызу – бір бұтаға 150 г;
  • картоп – бір шұңқырға 200 г;
  • қызанақ – бір шұңқырға 100-ден 200 г-ға дейін;
  • жеміс ағаштары – бір көшетке 5-тен 10 кг-ға дейін;
  • көкөністер мен көк шөптер – 1 шаршы учаскеге 500 г.

Көшеттер мен үй гүлдері үшін биогумус тыңайтқышы сұйық ерітінді түрінде ыңғайлы.  Өйткені құрғақ түрінде саңырауқұлақ масалары, сондай-ақ қырықаяқтар мен т.б. жәндіктер көбеюі мүмкін. Бөтелкедегі сұйықтық қаптамада көрсетілген пропорцияда сұйылтылады.

10 литр суға қосылатын стандартты нормалар:

  • жидектер – 60 мл;
  • сарымсақ, пияз және көк шөптер – 200 мл;
  • көкөніс дақылдары – 100 мл;
  • бақша гүлдері – 150 мл;
  • цитрус және жүзімдік – 250 мл;
  • үй өсімдіктері – 100 мл.

Биогумуспен тыңайту кестеге сәйкес қайталанады. Жидектер, көкөністер мен көк шөптерге аптасына бір рет жеткілікті. Бақша гүлдері, цитрус ағаштары мен жүзімдікті айына екі рет, ал бөлме гүлдерін екі айда бір рет тыңайтып отырады.

Сұйық вермикомпост тұқым дайындау үшін тамаша нәрсе. 1 литр суға 5 мл концентрат құйып сұйылтады және осы ерітіндіге тұқымдарды біраз уақыт салып қояды:

  • бұршақ дақылдары – 6 сағат;
  • пияз тұқымдары, редис, шпинат пен сарымсақ – 14 сағат;
  • көк шөптер мен көкөністер, бау-бақша сәндік өсімдіктері мен асқабақ, қарбыз, қауын тұқымы – 24 сағат;
  • цитрус жемістері, анар мен жүзім – 1 сағат;
  • гладиолус, гиацинт, қызғалдақ және басқа гүл түйнектері – 30 минут.

Үй өсімдіктеріне арналған биогумус   

Үй гүлдеріне биогумус ерітіндісі қолайлы. Қажетті концентрацияны анықтай отырып, сұйылту және мөлшерін белгілеу оңай. Әйтсе де 1 кг топыраққа –  200 г түйіршіктелген құрам есебімен де пайдалануға болады.

5 литр суға 1 ас қасық сұйық концентрат құйып сұйылтады. Қолданар  алдында ерітінді мұқият араластырып, 24 сағат бойы жылы жерге қояды.   Қосымша құнарландыру өсімдік түріне және оның қажеттіліктеріне қарай,

2-3 айда 1 рет жүргізіледі.

Вермикомпостты қолданғаннан кейін үй өсімдіктері тез өседі, гүлдену кезеңі ұзарады. Топырақтың сапасы айтарлықтай жақсарады, бұл гүлдердің ағзасына оң әсер етеді. Гүлдерді зиянкестер мен аурулардан қорғау қажет болса, ерітіндіні бүркуге болады. Ол үшін концентратты 1 литр суға 5 мл мөлшермен сұйылтады.

Биогумуспен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаудың қажеті жоқ.  Табиғи заттың құрамында у мен зиянды заттар жоқ, ол экологиялық таза. Бұған қарамастан, бірнеше қарапайым ережені ескеру қажет:

  • резеңке қолғаппен жұмыс істеу;
  • жұмыстың соңында қолды сабынмен жуу;
  • егер зат ауыз бен мұрынға түссе, сумен шаю;
  • абайсызда жұтып қойған жағдайда, асқазанды калий перманганаты ерітіндісімен дереу шаю қажет.

Биогумус, яғни вермикомпост –  әмбебап әрі ең табиғи тыңайтқыш. Ол  жылыжайда, ашық жерде және үй ішінде өсірілетін дақылдардың бәріне бірдей жақсы әсер етеді. Өнімді қолданғаннан кейін топырақтың құнарлылығы бірнеше жыл бойы сақталады.

Биогумусқа тапсырыс беру үшін

8 777 721 6808 нөміріне хабарласыңыздар

 

Другие новости

Back to top button