Бензин шашып, өртеп жіберген: Атырауда итті қинап өлтіргендер сотталды
Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үй жануарын қатыгездікпен өлтірген екі адамға үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот анықтағандай, осы жазда сотталушылар (олардың біреуі кәмелетке толмаған) көшеден бір итті ұстап алып, оны бағанаға байлап азаптаған. Үй жануарын темірмен бірнеше рет ұрып, бензин шашып, өртеп жіберген.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің жауаптарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және сараптама қорытындыларымен толығымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыларға жарты жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Ал сотталушылар кінәсін толық мойындап, өз әрекеттеріне өкініп, жеңіл жаза беруді өтінген.
Атырау облыстық соты екі сотталушыны Қылмыстық кодекстің 316-бабы 3-бөлігі 2) тармағы бойынша айыпты деп таныды.
«Сотталушылардың жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінгені, жастығы және бұрын сотты болмағаны, сондай-ақ жазасын ауырлататын мән-жайлардың жоқ екені ескеріліп, оларға 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді», — делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.