Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде болып жатқан соңғы жағдайларға байланысты халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Соңғы кездері қоғамда болып жатқан түрлі қатігездік оқиғалар бәрімізді қатты алаңдатып отыр. Оқушылардың жаппай төбелесі, жастар арасында өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиі қайталануы, тұрмыстық қақтығыстың соңы өлімге ұласуы сынды ауыр жағдайлар жанымызға қатты батып жатыр. Шын мәнінде, Аллаға иман еткен пенде адам түгіл жануардың өзіне зиян тигізбеуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген адам» деген. Хадистен тәлім алған мұсылман адамдарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеуге тырысады», — делінген ҚМДБ үндеуінде.
Басқарма шариғат бойынша адам өлтірудің ауырлығы қандай екенін жеткізген.
«Шариғатымыз бойынша бейкүнә адамды өлтіру – барша адамды өлтіргенмен тең. Сондай-ақ біреуді өлімнен құтқару – барша адамды өлімнен құтқарып қалумен тең. Мұны жастарымыз жадында ұстап, өмірлік қағидасына айналдыруы қажет. Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда былай деген: «…Кімде кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады…», — дейді басқарма.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі барша азаматты өзара бауырмал, кешірімді, мейірімді болуға үндей отырып, қатігездік істерге жол бермеуге шақырды.
«ҚМДБ ұжымы қаралы үйлердің қайғысына ортақтасып, марқұмдардың отбасына, туған-туыстарына тағы да көңіл айтады. Алла Тағала марқұмдарды рақымына бөлеп, мәңгілік мекенін жәннаттан еткей. Жаратушы Иеміз халқымызға амандық, жерімізге тыныштық, жастарымызға иман байлығын нәсіп етіп, жас буын өкілдерін қылмыстық істерден, күнәлі әрекеттерден сақтағай», — делінген үндеуде.
Еске салсақ, осыған дейін Үржарда 11 жастағы баланы қағып өлтірген адам мешіттің имамы екені расталған еді.