«Бауырым соққыдан жерге кіріп кеткен»: Шымкентте басына бөрене құлап қайтыс болған азаматтың туыстары қайғылы жағдай туралы айтып берді
Шымкенттегі құрылыс алаңында қайғылы жағдай болды. Тоғыз қабатты ғимарат биіктігінен ер адамның басына алты метрлік бөрене құлап түсті, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Бұл сәт бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Соққының күшті болғаны сонша, 22 жастағы Дінмұхамед Қалдыгөз оқиға орнында көз жұмды. Ол құрылыста бар болғаны 15 күн жұмыс істеген.
«Бауырым соққыдан жерге кіріп кеткен. Қарапайым жұмысшылар жедел жәрдем шақырдық дейді, бірақ дәрігерлер ұзақ жүрген, өздері оның денесін алып, көлікке салып, алып шықан. Әркім әртүрлі айтады. Мен құрылыс компаниясының депутаттардың біріне тиесілі екенін білемін, сондықтан бұл іс жабылып қала ма деп қорқамын», – деп алаңдаушылық білдірді марқұмның бауыры Бекболат Шойбеков.
Марқұмның туыстары салынып жатқан нысанда қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмағанын алға тартады. Ауыр жүк құлаған кезде жас жігіт дулыға кимеген. Тек бас киім болған. 17 қарашадағы қайғылы оқиғаға байланысты мұнда жұмыс тоқтатылды.
«Біз басшылыққа қауіпсіздік мақсатында тор орнату керектігін айттық. Мамыр айынан бері үшінші қабатты салып біткелі айтып жатырмыз. Неліктен бұл әлі жасалмағанын, білмеймін”, –дейді бригадир Ермек Мәженов.
Еңбек инспекциясы нысандарда төтенше жағдай орын алған жағдайда құрылыс компаниясының өкілдері оқиға туралы дереу хабарлауы керек дейді. Қайғылы оқиғадан кейін бір күн өтіп, шенеуніктер оқиға туралы әлеуметтік желі арқылы білген. Бұл компанияның қызметінде бұрын да бұзушылықтар анықталған екен.
«Наурызда біз прокуратураның ұсынысы бойынша осы жерде тексеру жүргіздік. Дәл осы компания жұмысшыларды не арнайы киіммен, не қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеген болып шықты. Ол кезде оларға ескерту жасалды. Қазір бұл жерде өлім болып отыр, сондықтан іс сотта қаралатын болады», – деп түсіндірді қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Әлижан Мамадалиев.
Еске салсақ, Шымкентте 22 жастағы жігіттың 16 қазанда 17:00-18:00 шамасында «Тұран 2» шағынауданындағы құрылыс алаңында көз жұмғанын хабарлаған едік.