«Басына пластика орнатады, еміне ақша керек». Семейде биіктен құлаған мұғалімнің жағдайы қалай
Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлап, зардап шеккен еді. Бұл оқиға өңірлерде мұғалімдердің әлі де өз міндетіне жатпайтын шаруаларға тартылатынын көрсеткен. Күні кеше вице-премьер Тамара Дүйсенова Қуат Айтқалиев қосымша жұмысқа құжат арқылы тартылғаны дәлелденсе ғана бұл жағдай «өндірістік жарақат» деп танылып, өтемақы берілетінін хабарлаған-тын. Ulysmedia.kz тілшісі мұғалімнің жұбайы Сымбат Аянқызымен тілдесіп, Қуаттың қазіргі жағдайын, оның ісі қалай жүргізіліп жатқанын сұрап білді.
КҮТУШІ АДАМ КЕРЕК
Қуат Айтқалиев жақында ғана ауруханадан шыққан. Жұбайы Сымбат Тұрғалиеваның сөзінше, оның жағдайы қазір орташа. Өздігінен қозғала алады, бірақ басы айналып кетеді. Жанында міндетті түрде күтуші адам жүруі керек.
Екі айдан кейін тағы бір операциямыз бар, пластик орнатады. Пластиктан кейін жағдайы қалай болады – ол жағынан әлі болжам жоқ, – дейді Сымбат.
Зайыбынан мемлекет, мектеп тарапынан Қуатқа қандай көмек көрсетілгенін, оқу-ағарту министрлігінің өзі байланысқа шыққанын немесе шықпағанын сұрағанбыз. Себебі күні кеше үкімет отырысынан кейінгі жиында министр Ғани Бейсембаев Қуат Айтқалиевтің жағдайын бақылауда ұстап отырмыз деген еді.
Ешқандай қаржылай көмек көрсетілмеді. Керек те емес! Барлығы заңмен шешіледі деп ойлаймын. Асхат Аймағанбетов (мәжіліс депутаты) хабарласып, жағдайын білген болатын, – дейді ол.
ЖОЛДАСЫМ ЕРІКТІ ТҮРДЕ БАРМАДЫ
Вице-премьер Тамара Дүйсенова «Қуаттың қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе ғана бұл жағдай өндірістік жарақат деп танылып, өтемақы төленетінін» айтқан. БАҚ-та Қуаттың аталған жұмысқа құжат жүзінде емес, ауызша айтуымен ғана барғаны жазылған. Осы ретте Қуаттың құқығын заңмен қорғау жөнінде сұрақ туындайды.
Тамара Дүйсенованың сөзіне әрине келіспеймін! Ерікті түрде жолдасым бармады. Қаншама куәгерлер бар. Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-тармағымен (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталып кетті. Сол кезде бәрі дәлелденіп, сот әділ өтеді дегенге сенімдімін, – дейді Сымбат.
Сымбат Тұрғалиеваның айтуынша, Қуатты оңалту үшін ем-домына алдағы уақытта қаражат керек. Дәрігерлер екі айдан кейін консультацияға келіңіздер деп кеңес берген.
ӘРІПТЕСІ НЕ ДЕЙДІ
Қуатпен бір мектепте жұмыс істейтін әріптесі Әліби Серікханұлы мектеп тарапынан көмек көрсетілгенін және оқу орнының мұндай жұмыстарға ұдайы жібермейтінін айтады.
Қуат қазір үйге шықты, жағдайы жақсы. Барлық БАҚ-та, инстаграммда, телеарналарда бүкіл ақпараттар жарияланған. Әріптесі ретінде қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Мектеп көмектесті, әйткенмен қанша қаржы екенін білмеймін, – дейді қызметтесі.
Ulysmedia.kz порталы Абай облысының полиция департаментімен байланысқа шығып, тергеу барысынан ақпарат алуға тырысқан. Алайда олардан жауап болмады.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіру кезінде мұғалім биіктен құлап, зардап шеккенін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хабарлаған еді. Министр өзінің Facebook парақшасында жазба жазып, елдің заңнамасын сақтау керектігін ескертті. Сондай-ақ Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны безендіруге тарту және олардың осы іс барысында жарақат алуы – заң бұзушылықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Министр педагогтерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын мұндай жұмыстарға тарту – «Педагог мәртебесі туралы» заңды өрескел бұзу деп мәлімдеді.
Оқиға жайлы депутат Асхат Аймағамбетов пікір білдіріп, облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы керектігін жазды.
Биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиев №49 мектепте жұмыс істейді. Мұғалім Семейде тұрады. Қаладағы Шәкәрім университетін бітірген.