Нур-Султан
Басқа әйелдерді ұрдыңыз ба – Бишімбаев адвокаттың сұрағына жауап берді
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің адвокаты Бишімбаевтан «бұрынғы қарым-қатынаста болған әйелдерді ұрып-соқтыңыз ба?» деп сұрады. Сотталушы оны теріске шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сонымен бірге, бұған дейін Нүкенованың иегі сәл-пәл қанап, оны майлықпен сүрткенін айтқан Бишімбаевтан «Салтанаттың кішкентай жарақатынан тамған болар-болмас қанның неліктен бірталай жерге тамғанын» сұрады.
«Салтанаттың иегінде кішкентай жарақат болып, оны майлықпен сүртіп тастағаныңызды айттыңыз. Бірақ оқиға болған жерге жасалған фотокестеде оның қаны тамған 11 фотосурет бар. Оның қан тамшылары әр түрлі бөлмеден, әр түрлі жерден табылды, күртешеге, диванға да жұққан. Егер жарақат кішкентай болса, сіз оны сүртіп тастасаңыз, осыншама қан қайдан пайда болды?», — деді қорғаушы.
Бишімбаев Нүкенованың бірнеше рет құлағанын айтып, содан еденге тамғанын айтты.
«Ол диванда жатты, мен күртешені оның үстіне жапқанмын», — деді айыпталушы.