Госорганы

Баспана мәселесі, ғимараттардың тозуы: депутат әскери саладағы түйткілді мәселелерді көтерді

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Болат Керімбек әскери саладағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өз сөзінде шекарашылардың заставасы, Қорғаныс министрлігінің казармалары, Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің ескі ғимаратта отыруы, оларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізбеу Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін және «АМАNАТ» партиясын қатты алаңдататынын айтты.

«Бүгінгі таңда қорғаныс және Ұлттық ұлан саласына қатысты объектілерге күрделі жөндеу, модульдік ғимараттарды сатып алу, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және Шекара заставаларын, өңірлердегі өткізу пунктерін жарақтандыруға жалпы 1 трлн 134 млрд теңге қаражат қажет екен. Алайда, алдағы жылдары бюджетте аталған мәселелерді толығымен шешуге сұрап отырған қаражат қарастырылмаған. Осы айтылған проблемалар бойынша бірнеше рет тапсырмалар берілгеніне қарамастан, қаржыландыру мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмей тұр.

Комитет аталған мәселелерді Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері алдында көтерген сайын «ақша жоқ» деумен шектеледі. Жоқ деп отыра беруге болмайды, амалын іздеуіміз керек шығар. Ешқашанда бюджетте артық ақша болмайды. Онымен қоса, алдағы жылдары да солай болатын көрінеді. Әскердегі инфрақұрлымның тозуы жастардың әскерге бармауының да бір себебі осында жатыр. Өйткені тозығы жеткен инфрақұрылымдар моральдық тұрғыда адам еңсесін басып тұратыны рас.

Алайда шекара, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мәселесі – кезек күттірмейтін сала. Өткен аптада президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бюджет тапшылығы және қаражатты үнемді пайдалану туралы айтты. Қаржының тапшылығын да түсіністікпен қабылдауымыз керек. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жекеменшік банктерге кезінде мемлекет көмектессе, енді олар елге көмектесуі керек деді. Бұл ретте, әскери инфрақұрлымды жаңарту жұмысына «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «Ұлттық қор» немесе екінші деңгейлі банктердің қаражатын тарту механизімін ойластыру қажет.

Шешімнің тағы бір жолы – заем облигацияларын шығару. Бұл механизмді кезінде Өңірдегі инфрақұрлымды шешуде орынды қолданылды. Соңғы жылдары Төтенше жағдай саласында қордаланған техникамен қамтуға қатысты мәселені шешу үшін лизингтік бағдарламалар әзірленді. Қорғаныс саласындағы мәселелерді де осындай арнайы механизмдер арқылы шешуге болады», — дейді депутат.

Ол сөзін жалғай отырып, әскери саладағы тағы бір мәселені ерекше қозғап өтті.

«Қазіргі таңда салынып жатқан әскери ғимараттарға бақылау әлсіз, оны қадағалау механизімі шикі. Құрылыс компаниялары нысанды уақытында бітірмеу арқылы келесі жылға тағы да ақша сұрап үйренген. Нәтижесінде ешнәрсе өзгерген жоқ, яғни алдағы құрылыстарға жауаптылықты күшейту керек.

Жоғарыда баяндалғандарды қорытындылай келе елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік шекараны сенімді қорғау мақсатында Үкіметке келесідей шараларды қабылдауды ұсынамыз», — деп мәжілісмен бірнеше идеясын ортаға салды:

  1. Күштік құрылымдағы инфрақұрлымдардың ескіруі мәселесін жан-жақты талдап, құзырлы мемлекеттік органдармен, қаржылық құрылымдармен бірлесіп, жұмыс тобын құру және онда аталған мәселенің шешу механизімін талқылап биылғы наурыз айына нақты ұсыныс беру;
  2. «Отбасы» банкінің «Жасыл ипотека» бағдарламасына кез келген адам құжат тапсырып 7-5 пайызбен баспаналы болады. Ал күштік құрылым қызметшілеріне «Әскери баспана» бағдарламасы аясында 8 пайызбен несие беріледі. Бұл – әділетсіздік. Жауапкершілігі көп және қызметтің ерекше түрі болып саналатын әскери адамдарға 7-5 пайызбен несие беруді қайта қарастыру қажет;
  3. Әскерде болған жастар үшін баспана алу бойынша ипотекалық бағдарлама қажет. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жастарды еңбекке тарту және баспаналы болуын қамтамасыз ету мақсатында бір жылдық әскерде болып келгеннен кейін 1 немесе 1,5 жыл тұрақты жұмыс істеген жастарға да ипотекалық арнайы бағдарлама ұсынылуы тиіс. Бұл жастардың әскерге баруын және отбасылы болуын ынталандырады. Үйлі болған адам отбасылы да болады және несиесін төлеу үшін тыңбай еңбек етеді.
  4. Еліміздің 20 өңірінде жастарды баспанамен қамтамасыз ету үшін арнайы «Өңірлік Жастар бағдарламасы» бар. Олардың администраторы жергілікті әкімдіктер болып табылады. Үй алушылардың санатына әскерде болған жастарды да қосуды ұсынамын.

Другие новости

Back to top button