«Бас сүйегі сынып, миына қан құйылған»: шырша сәндеймін деп құлаған мұғалімнің жағдайы белгілі болды
Семейде шырша сәндеп жүріп, биіктіктен құлап кеткен мұғалім Қуат Айтқали екені осыған дейін хабарланған. Оның қазіргі жағдайын басы-қасында жүрген досы Медет Божанға хабарласып, сұрап білдік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Медет Божанның айтуынша, ол әлі жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы — ауыр.
«Көзін ашып, есін жиды, бірақ жағдайы әлі де ауыр. Бір ота жасалды, миына қан құйылып, бас сүйектері сынған. Ол шырша әрлеу кезінде 4-5 метр биіктен құлап кеткен. Басына қатты зақым келген. Алаңда оқушылар мен көп адам болған. Оқиғаның куәгері өте көп. Ол өзі ақын, журналист болып істеген. Соңғы 2-3 жылда қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрді», — дейді Медет.
Оның айтуынша, Қуаттың ата-анасы Семейдің қасындағы ауылда тұрады. Олар тез арада балаларының қасына жеткен.
«Қуат — отбасындағы үлкені, негізгі асыраушысы сол. Себебі ата-анасы зейнеткер, Қуаттың артынан ерген екі інісі бар. Оқиға жайлы естіген соң бір інісі Алматыдан жетті. Қуаттың өзінің отбасы, бір ұлы бар. Бүгін оқиғаға қатысты әкімдік пен білім басқармасы белсенді тексеріске кіріскенін айтып жатыр. Бізді науқастың өзіне кіргізіп жатқан жоқ, көзін ашса да, есін еміс-еміс біледі. Әйелі аз уақытқа кіріп шықты. Жағдайы жақсара түссе, өзге де жақындарын кіргізіп қалады деп отырмыз», — дейді мұғалімнің жан досы.
Еске салсақ, Семейде жаңажылдық шыршаны безендіріп жүрген мұғалімнің жарақат алғанын хабарлағанбыз. Оқиғаға байланысты Оқу-ағату министрі Ғани Бейсембаев пікір білдірген. Ал облыстың білім басқармасы қызметтік тексеріс басталғанын айтты.