Госорганы

Бас әскери прокуратура сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты үкіммен келіспей отыр

Бас әскери прокурор Дастан Сәкенов «Шөлдала» шекара бекетінде қайтыс болған сарбаздың өлімінен кейін сотталған аға сержантқа қатысты шыққан үкіммен келіспейтінін айтты. Сондықтан әскери прокуратура істі болған аға сержантқа тағы бір айып тағу бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, 24 тамызда Шымкент гарнизоны соты Жамбыл облысы «Шөлдала» шекара бекетінде қайтыс болған сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты күдікке ілініп, айыпталған 40 жастағы аға сержант А. Нұртайды «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен ақтап шықты. Бірақ сот оны «Қызметін асыра пайдалану» және «Ақшаны қорқытып алу» бабымен кінәлі деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Бұл тұрғыда судья «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тағылған айып дәлелденбеді деді.

Бас әскери прокурордың айтуынша, «Шөлдала» шекара заставасында сарбаздың өліміне қатысты сот үкімі шыққанымен, бұл істі әскери прокуратура «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеп жатыр.

«Үкім шығарылған кезде сарбаздың өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу ісі жеке шығарылды. Біз сол үкімге наразылық білдіреміз. Біздіңше, Б. Мираштың өз-өзіне қол салуы келісімшарт бойынша қызмет етіп жүрген әскеридің әрекетінен болды», — деді Д. Секенов Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол қайтыс болған мірзімді әскери қызметтегі сарбаздың киімінен жыныстық ұрық материалдары табылды деген нұсқаны жоққа шығарды.

«Бұл мәселе біренеше рет көтерілген еді. Ол жерде ұрық материалдары табылды деп нақты айтуға болмайды. Яғни онда басқа биологиялық заттар анықталды. Сондықтан бірнеше рет талдау жасап, генетикалық зерттеу болды. Оның нәтижесінде аталған нұсқа расталмады. Бұл оқиға бойынша сексуалды зорлық-зомбылық болмағанын нақты айта аламын», — деді Дастан Секенов.

Бас әскери прокуратура 2022 жылдың тамызында «Шөлдала» шекара заставасының мерзімді әскери қызметшісі Б.Мираштың өз-өзіне қол салу дерегіне қатысты тергеу барысын мәлімдеді.

«Бүгінгі күні билікті асыра пайдалану арқылы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша күдікті ретінде сол заставаның келісімшарт бойынша әскери қызметшісі тергелуде. Қылмыстық іс материалдарына сәйкес ол Б.Мирашты және онымен бірге әскерге шақырылған басқа да мерзімді әскери қызметкерлерді жүйелі түрде психологиялық тұрғыда қорлап, соққыға жыққан. Күдікті қамауға алынып, тергеу жалғасуда және ерекше бақылауға алынған», — деп жазды ведомстводан.

Биыл тамыз айында аталған дерек бойынша қызметтегі бес адам лауазымынан босатылды.

Другие новости

Back to top button