Абайская областьГлавное

«Бәрі заң аясында болсын» — Семейдің бас шыршасынан құлаған мұғалім Қуат Айтқалиевтің жұбайы әкімдікпен соттасатын болды

Семейде шырша сәндеймін деп биіктен құлаған мұғалім Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызы жұбайының жарақатына байланысты өтемақы талап етіп, әкімдікті сотқа бермек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бәрі заң аясында болсын. Қазір қылмыстық іс қозғалды, тергеу жалғасып жатыр. Тергеу амалдары аяқталып, кінәлілер анықталған соң, біз оларды сотқа береміз», — дейді Сымбат Аянқызы КТК арнасына берген сұхбатында.

Бұған дейін мұғалімнің ісі «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша тергелген, бұл баптың жазасы — 50 тәулікке дейін қамауға алу еді. Ал, қазір іс «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабымен тергеліп жатыр, бұндағы жаза — 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Сымбат Аянқызының айтуынша, қазір жұбайы ауруханадан шыққан. Енді науқасқа пластикалық операция жасалады. Қуат Айтқалиевке кем дегенде жарты жыл медициналық реабилитация керек.

Ерлі-зайыптылар қазір еңбек инспекциясының тергеу қорытындысын күтіп отыр. Сонымен бірге полиция «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Еске салайық, Семейде қалалық шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиев биіктен құлап, ауыр жарақат алған. Оны ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне жатқызған болатын. Оған «Соцблок» деген WhatsApp тобынан бұйрық келгені анықталды.

Оқиғадан кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеріс бастап, нәтижесінде Семей қаласындағы үш мектептің директорына қатаң тәртіптік шара қолданылып, қалалық білім бөлімі басшысы қызметінен босатылды. Көп уақыт өтпей Семей қаласының бұрынғы әкімі Нұрбол Нұрсағатов қызметінен кетті.

25 желтоқсанда денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева науқастың есін жиып, палатаға ауысқанын мәлімдеді.

Парламент Мәжілісінің депутаттары, AMANAT партиясы фракциясының мүшелері Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдап, зардап шеккен мұғалімге толық медициналық көмек көрсетуді және заңды өтемақы төлеуді, оның ішінде педагогтың алған жарақатын өндірістік жарақат деп тануды және оған өмір бойы өндірістік жарақатқа берілетін төлемді тағайындауды қарастыруды сұрады.

Другие новости

Back to top button