Выбор редакцииЖамбылская область

Балаңызды еркелетіп, видеоға түсіріп жіберіңіз: Жамбыл облысында ата-аналарға берілген ерекше тапсырма жұрттың қызу талқысына түсті

Жамбыл облысының әкімі жұрттың баласын қалай еркелететінін естіп отырмақшы. Ол үшін тіпті арнайы бұйрық шығарылып, сағат ашылды. «Еркелету сағаты» кешкі сегіз бен тоғыз уақытында өтеді. Осы аралықта ата-аналар ортақ чатқа баласын еркелетіп жатқан сәттерінен видео түсіріп, есеп береді. Жиналған небір еркелету сөздерді мұғалімдер күнде таңертең жинақтап, облыс әкімдігіне жолдайды. Бұл туралы  31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы.

Таразда күні кеше ата-аналар чатына ерекше тапсырма келді. Сынып жетекшісі онлайн еркелету сабағын өткізді. Отбасы мүшелері қатысқан сабақта ата-аналар жаппай баласын еркелетуді бастады. Әркім айрандай ұйып отырған үлгілі отбасындай көрініп видео жіберіп жатты. Әп сәтте чат еркелетудің түр-түріне толды.

“Иә, кеше мектептен балаларыңызды еркелетіңіздер деген тапсырма түсті. Одан кейін балаларымызды еркелетіп, видеоға түсіріп жібердік. Енді күнделікті-ақ еркелетіп жүрміз ғой. Ата-апаларымызға қалай еркеледік, балаларымызды да солай еркелетеміз”, – дейді ата-ана Нұржан Қадірәлі.

“Баламды онсыз да күнде еркелетемін. Мен оны түсінбеймін. Біз күнде еркелетеміз”, – дейді ата-ана Гүлшат Тәжібаева.

Бұл жаңалық еріксіз езу тартқызғанмен, мұғалімдердің өздері еш сөкеттігі жоқ деп отыр. Күнделікті қыз-қыз қайнап жататын сынып чатына тек балаға көңіл бөлу уақытын ескертеміз дейді.

“Бұл ешқандай қағазбастылық емес. Мен тек WhatsApp арқылы тапсырма бердім. Құрметті ата-аналар балаларыңызды еркелетуді ұмытпаймыз деп ескерттім. Балаңызды қоңыр қозым, көзімнің қарашығы, өмірімнің жалғасы, ұлтымның болашағы деп еркелетіңізші”, – дейді Тараз қаласы №8 мектеп гимназиясының мұғалімі Гүлбайра Телбаева.

Бұйрық бойынша күнделікті таңертең сынып жетекшісі чаттағы мәліметті жинақтап, мектеп басшысына жіберуі керек. Мектеп директоры оны білім басқармасына, басқарма басшысы облыс әкіміне жолдайды. Бірақ бұл қағазбастылық емес тек ватсап желісі арқылы ғана жүзеге асатын шаруа дейді жаңа сағатты ойлап тапқан білім басқармасының басшысы.

“Балаларды еркелету балаларға көңіл бөлсін деген әңгіме ғой. Күнделікті балалардың көңіл-күйлерін байқап тұру. Балалардың ата-аналарымен қарым-қатынастарын сол арада байқау. Үйде де бір уақыт арнап, балаларға көңіл бөлсе деген мақсатта деген жұмыстар. Бұл жерде артық қағазбастылық немесе артық тапсырма беру ой жоқ”, – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов.

Еркелету сағатын енгізуге облыс әкімі түрткі болыпты. Ол оқушылар арасындағы қолайсыз жағдайларға еркелетудің аздығы себеп болған деген ойға келген. Одан кейін білім басқармасы осындай жаңалықты ойлап тапқан екен. Бар мәліметті жинаған әкім енді кабинетінде жұрттың еркелеткен сәттерін естіп отыратын болды.

 

Другие новости

Back to top button