«Балам – күшті, келінім – оңбаған»: Айгүл Иманбаева енелерге үндеу жасады
Танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева келініне күн бермейтін енелерді сынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі жеке парақшасында видео жүктеп, енелерге үндеу жасады.
“Бүгін де өзім де келінмін. Ене болып та отырмын. Қоғамда келін мен ене тақырыбы қашан да өзекті. Көпшіліктен келіп жатқан “Келініңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? Өзіңіз қандай келінсіз, қандай енесіз?” деген сұрақтарға жауап беруді жөн көрдім. Менің ойымша, ене болып аяқ астынан образға кіріп, бірден ақылгөйсіп, келінді тәрбиелеудің еш қажеті жоқ. Тәрбие 13 жасқа дейін баланың бойына сіңеді. 13 жастан кейін баланы тәрбиелемейді. Ақылы бар ата-ана онымен дос, сырлас болады. Менің келінім де өз отбасынан алған тәрбиесін бойына сіңірген адам. Ол менің баламмен бас қосты екен деп, аяқ астынан ене образына кіріп, ақыл айту әбестік деп санаймын», – деді әнші.
Одан кейін босаға аттап келген келінді тәрбиелегеннен гөрі сол шаңырақта тұрып жатқандар өзін тәрбиелеу керегін де атап өтті.
“Қазақта «Санасына берсін» деген жақсы сөз бар. Әр бала өз отбасында қандай тәрбие көрді, соны өзімен бірге сенің үйіне алып келеді. «Менің балам – күшті, келінім – оңбаған» дейтін енелермен келіспеймін. Олай болмайды. Егер сен сондай келінді алсаң, ол жақсы болсын, жаман болсын, не өзің жақсысың, не өзің жамансың. Басқа шаңырақтан, басқа тәрбие көріп келген келін сенің үйіңе келгенде, сен өзіңді тәрбиелейсің. Егер ақылың болса. Оған ақыл айтып, жол көрсетіп, аяқ астынан ғұлама болудың қажеті жоқ. Бұл әрекет өте күлкілі әрі ақымақтық», – деді Айгүл Иманбаева.
Еске салайық, өнер иесінің денсаулығы сыр беріп, тамағының іріңдеп кеткенін айтқан еді.