«Балалары жылағаны үшін ұрған»: Алматы қаласында белгілі имам әйелін соққыға жықты деген ақпарат тарады
Желіде Алматы қаласындағы Орталық мешіттің ұстазы Баубек Бектұрғанов әйелін соққыға жықты деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
TikTok әлеуметтік желісіне аты-жөні көрсетілмеген әйел, қызының Орталық мешіт ұстазы Баубек Бердіғалиұлынан қорлық көргенін айтты.
“Қызым Алматы қаласындағы Орталық мешітте имам болып жұмыс істейтін, қари Бектұрғанов Баубек Бердіғалиұлына 4 жыл бұрын тұрмысқа шықты. 3 жасар ұлы мен 1 жасар қызы бар. Соңғы екі жыл себепсіз ұрып-соғып, теуіп, шашынан сүйреп, ұзын сүлгіні арқан етіп орап, екі бүктеп соққының астына алып келген. Жағдайдың бәрін көрген ата-енесі жәрдемдеспеген. Енесі «сенің жасыңда мені де қайын атаң солай ұрған, балаларың өскен соң жеңесің» депті. Тамақ ішер уақытта қызым: “әңгімелесіп шәй ішейік десе”, “үйде отырған әйелмен не айтамын” дейді екен”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Жәбірленушінің анасының сөзінше, қари күйеу баласы балаларын да бірнеше рет ұрған екен.
“Қызым 29 сәуір күні түнгі 3 жарым шамасында «мама, тез алып кетші өтінемін, мынау адам болмайды» деп жазыпты. Таңғы 5-те оқып, 7-де сол үйге бардым. Үйіне кірсем қызым кішкентай қызын емізуге жарамай, шашы ұйпа тұйпа болып, “басым, құлағым” деп жылап жатыр екен. Күйеуі екі баласы жылап ұйықтатпаған соң қызымды ұрыпты. Жатын бөлмеде телефон қарап жатқан жерінде, үш жасар немерем иығына жабысса 3-4 рет лақтырып жіберіпті. Осының бәрі дәлелденіп, ол 30 мамыр күні әйелін ұрғаны үшін 15 күнге қамауға алынды. 4 жылда балаларына ешқандай киім-кешек әпермеді. 30 сәуірден бері қызым мен екі немереме өзім қарап жатырмын”, – дейді әйел.
Фото: TikTok user6177701462173
Сондай-ақ жәбірленушінің анасы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына өз сауалын жолдады.
“Сіздің қарамағыңызда арақ ішіп, түнгі клубтың қасында жүретін, әйелі мен бала-шағасына зорлық-зомбылық көрсетіп, нәтижесінде қамауда отырған имамдар жұмыс істей ме?”, – деп сұрады әйел.
Бұл жағдайға қатысты желі қолданушылары да түрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі имамды жақсы адам десе, енді бірі дінге кір келтірмеуге шақырып отыр.
“Имамдар туралы талай нәрсе естіп жүрміз. Мас күйінде көлік айдаған. Әйелін ұрған. Бала зорлаған. Басқа біреудің әйеліне хат жазып, ашына болуды сұраған. Заң алдында бәрі бірдей екенін ұмытпасын”, “Отбасылық мәселені екеуара шешкен дұрыс қой. Жақсы көріп тыңдайтын қариым”, “Адамға қарап дінді сынамаңдар. Намаз оқып, Құран оқыса періште деген сөз емес. Пенде болған соң қателік жасайды, мың жерден шариғат білсе де”, “Нақты дәлелмен айт. Дәлелсіз неше түрлі өтірік айтылып жатыр”, “Аңқау елді алдағысы келіп жазғаны ғой. Таза жала. Түрме жайлы да еш дәлелсіз”, – дейді олар.
Осыған орай Stan.kz тілшісі Алматы қаласының Орталық мешітінен аталған жағдайдың мән-жайын сұрап білді.
“Бұл ақпараттың нақтылығы анықталып жатыр, ал Баубек Бердіғалиұлы өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Қазір мешітте жұмыс істемейді”, – делінген Орталық мешіт хабарламасында.
Баубек Бердіғалиұлы 10 жылдан аса ұстаздық етіп келе жатқан, 3000 мыңнан астам шәкірті бар Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің түлегі екен. Құран қариы Алматы Орталық мешітінің ұстазы қызметін атқарады. Сондай-ақ Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасын белсенді жүргізеді.