«Балалар сабақ оқи алмайды, жедел жәрдем келмейді»: Таразда тұрғындар түрменің кесірінен байланыссыз отырғандарын айтты
Тараз тұрғындары түрмеде жазасын өтеп жатқандар үшін жазықсыз жандар жапа шегетінін айтады. Себебі халық он күннен бері ұялы байланыс пен интернет игілігінен қайта қағылған. Бұған түзету мекемесіндегі байланысты тұншықтыратын қондырғы себеп екеніне сенімді. Бір айда бірнеше рет бас көтерген бұқара бұл жолы колонияға басып кірмек болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро”бағдарламасына сілтеме жасап.
Бес бірдей түзету мекемесі бар тараздықтар бостандықта жүрсе де байланыссыз отыр. Жедел жәрдем шақырып, баласын оқыта алмауы, төлем жасай алмауы бір бөлек. Ай сайын төленетін абонементтік төлемнің текке кеткені тағы бар дейді.
“Қазір бәрі өздеріңіз білесіздер интернетпен байланысты. Кеше мысалы 2 жасар қызым 40 градус температура болды. Соған жедел жәрем шақыра алмадық”, – деді тұрғын Ұлдыкүл Дүйсенбетова.
Заман көшінен қалғандай күй кешкен көптің күнде көрері осы. Ай сайын түрме алдына аттандап шығып, айғайға басу әдетке айналғанына ашынады. Бірақ одан шыққан нәтиже нөл деп налиды.
“Мына түрмені құрту керек. Балалар сабақ оқи алмайды. Түнде қайтқанда қараңғы, неше түрлі оқиғалар болады. Сеть ұстамайды, не скорый келмейді. Сонда қандай халық болдық біз? +10 күн болды байланыс жоқ. Ешкіммен хабарласа алмаймыз”, – деп қосты жергілікті тұрғын Әлия Мырзахметова.
“Енді мына түрмені заң бойынша халықтың ортасында тұрмау да керек қой. Аса қауіпті түрме ғой. Үлкен жаман қылмыс, қайталап қылмыс жасаған адамдар отыр бұл жерде”, – деді Толқынай Болтаева.
Осыған дейінгі айғайдан дым шықпаған соң жұрт талабын тыңдатуға табандап тұрды. Ішке енуге талпынып, кірген-шыққан көліктің алдын кес-кестеп тұрып алды.
“Бұл құрылғылардың бәрі арнайы мемлекет басшысымен, құзырлы органдардың басшысымен жасалған бағдарлама. Оны орындауға біз міндеттіміз. Халықтың шулауына негіз жоқ. Арнайы мердігер мекемені шақырдық”, – деді Жамбыл облыстық қылмыстық-атқару жүйесі бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев.
Алайда шақырған мамандары байланыстың шамадан тыс шектелгенін айтып басшылықтың бетін қызартты. Айтқан сөзін айғақтай алмаған жауаптылар жақын арада жағдайды реттейміз деп амалсыз көптің уәжіне келісті. Сондықтан бұл қолайсыздық түрмені көшірмей шешілмейтін сыңайлы. Бірақ бұл жақын болашақтың жоспары емес дейді жауаптылар.