Шымкент

Балабақшадан 15 млн теңге жымқырған: Шымкентте көпбалалы ана бірнеше жылға сотталды

Шымкентте балабақшада есепші болып істейтін бес баланың анасы бюджеттің 15 миллион теңгесін жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында анықталғандай, Шымкент қаласындағы №46 «Ақбөпе» балабақшасының есепшісі коммуналдық қызметтер мен басқа да төлемдерді төлеуге белгіленген мөлшерден артық ақша бөлген. Артық ақшаны шотына жіберіп отырған. Осылайша ол мемлекетке 15 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

«Сотталушыға жаза тағайындау кезінде сот шын жүректен өкіну, келтірілген зиянды толық өтеу түріндегі жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуын, асырауында бес жас баланың болуын, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді», — деп хабарлады Шымкент соты.

Есепші Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Другие новости

Back to top button