Әзербайжандағы AZAL Ресейдің 7 қаласына ұшақ ұшырудан бас тартты
Әзірбайжанның AZAL әуе компаниясы Ресейдің 7 қаласына ұшақ ұшырудан бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕРТЕҢНЕН БАСТАП ТОҚТАЙДЫ
Әзербайжан әуе компаниясы (AZAL) «Embraer 190» ұшағының апатының алдын ала тергеу нәтижелері шыққанша, болуы мүмкін қауіптерді ескере отырып, мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің шешімі негізінде Бакуден Ресейдің келесі әуежайларына рейстерді 2024 жылғы 28 желтоқсаннан бастап тоқтатады.
- Минеральные Воды
- Сочи
- Волгоград
- Уфа
- Самар
- Грозный
- Махачкала
Айта кетейік, 25 желтоқсанда AZAL Бакуден Грозныйға және Махачкалаға ұшу сапарын тоқтату туралы шешім қабылдаған. Қауіпсіздік мақсатында аталған бағыттар бойынша басқа авиакомпаниялардың ұшуын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.
Осы бағыттар бойынша билеттері бар жолаушылар қаражатты толық қайтаруға немесе билеттерді тегін қайта ресімдеуге құқылы.
Әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігінің барлық талаптары мен ережелерін сақтай отырып, Мәскеуге, Санкт-Петербургке, Екатеринбургке, Астраханьға, Қазанға және Новосібірге ұшақ ұшыруды жалғастырады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазып жатыр.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы. 29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады. Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.