Госорганы

Автоматтандырылған дактилоскопия мен оң жақ рульді көліктерді тіркеу туралы заң қабылданды

 Бүгін Парламент Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Осы орайда комитет аталған заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», — деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Ғалым Әміреев.

Осы орайда Мәжіліс депутаттары Сенат ұсынған түзетулерді қолдау туралы шешім қабылдады.

Заң жобасындағы нормалар көптеген саладағы мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айқанда, өңірлердің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру үшін салық түсімдерінің жекелеген түрлерін жергілікті бюджетке беру көзделіп отыр. Түзетулер мемлекеттік сатып алудағы бәсекелестік ортаны кеңейтуге және осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға жағдай жасайды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарады. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Құжатты қарау барысында сенаторлар оған бірқатар өзгертулер енгізуді ұсынды:

1. Автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйені іске қосу жөніндегі іс-шаралардың жеткіліксіз қаржыландырылуына байланысты, оны толық көлемде іске қосу мерзімін 2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға ауыстыру ұсынылды.

2. Президент Жолдауы аясында Қазақстанға 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және еліміздің заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автомобильдерді біржолғы заңдастыруды жүргізу міндеті қойылды. Осыған байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде айналымға шығарылған және 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан аумағына әкелінген басқару органдары оң жақта орналасқан автомобильдерге алдағы заңдастыру аясында тыйым салуды алып тастау бөлігінде «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңына түзету ұсынылды.

 

Айта кетейік, Қазақстанда шетелде тіркелген оң жақ рульді автокөліктерді біржолғы заңдастыруға рұқсат беріледі.

Другие новости

Back to top button