Кызылординская область

«Аузынан көбігі ағып, көзі аларып кетті»: Қызылордада туыстары сәби мен анасының өліміне дәрігерлерді айыптады

Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығына босануға өз аяғымен барған Жазира Қожанова 14 қыркүйекте іштегі сәбиімен бірге бақилық болды. Сіңілісінің сөзінше, қайтыс болар алдында толғақ үстінде жатқан әйелдің ауызынан көбік ағып, қатты қиналған. Бірақ мұны көре тұра дәрігерлер тиісті ем жүргізбей, жұмыстарына салғырт қараған. Соның кесірінен төрт баланың анасынан айырылдық деген марқұмның жақындары орталық алдына жиналды, деп хабарлайды 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасы.

Жазира Қожанова 14 қыркүйек таң ата көз жұмған. Төрт баланың анасы өткен аптаның соңында өз аяғымен ана мен бала орталығына барған. Ал туыстары шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді деп үміттенген. Бірақ орталықтан жеткен қаралы хабарға марқұмның жақындары әлі де сене алар емес.

Марқұмның туыстары толғақ үстінде көз жұмған әйелдің өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Ал түні бойы Жазираның қасында болған сіңілісі оның толғақ кезінде қатты қиналғанын айтады. Жүрегі қысыла бастағанда ақ халаттыларға кесір тілігі арқылы босандырыңыздар деп жалындық та, дейді. Айтуларынша, сонда да дәрігерлер тиісті ем жасауға асықпаған.

“Әпкемнің көзі аларып кетіп бара жатыр екен. Ауызынан көбік ағып. Акушерге біз неше рет бардық. Толғатып жатқан кезде қолын ұстайды ғой. Бұл адамды итеріп жіберді, адам құрлы көрген жоқ”, – деді марқұмның сіңілісі Салтанат Қожанова.

Сол сәтте жүкті келіншектің қасында болған жауапты дәрігер марқұм Жазираның денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын айтты. Тіпті босануға толық дайын болған дейді. Алайда әйелдің көз жұму себебін өзі де білмей отыр.

“Тиісті емі жасалды бәрі. Бірақ аман алып қалу қолымыздан келмеді”, – деп жауап берді «Ана мен бала» орталығының дәрігері Жанар Нұрымбетова.

Сәби мен ана өліміне қатыста денсаулық сақтау басқармасының өкілдері де пікір білдірмеген. Ал 39 жасында көз жұмған Жазира Қожанованың артында жолдасы мен төрт баласы күткен еді. Қайғы жамылған жанұя жауаптылардың барлығы заңмен жазасын алсын деп отыр.

 

Другие новости

Back to top button