Госорганы

Аудан әкімдері кімнен қорқады? Депутат Саиров су тасқынына қатысты жаңа мәліметтер айтты

Ел аман, жұрт тынышта Қазақстан терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров топан су салдары мен одан «шығудың» амалдарын айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті. Сондықтан, бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды», — деді ол.

Мысалы, депутаттың ұсынысы бойынша облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Ең кемі олардың дербес иелегінде коммуналдық техника мен шаруашылыққа бағытталған арнайы өз тікелей бюджеті болуы тиіс.

«Инфрақұрылым, тазалық, жергілікті жолдарды салып, жөндеу, кішігірім плотина, тоғам, ирригация жүйелерін салып, жөндеу мәселелері бойынша әкімдіктерге қосымша құзырет беру маңызды. Қазір, аудандық әкімдер шешім қабылдауда қорқады. Өйткені, табжылып кетсе, ертеңінде прокуратура, құзырлы органдар келеді. Соның салдарынан, бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр» — деді Ерлан Саиров.

Сондықтан, қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет деген ұсыныс айтты.

«Құзыретті бере отырып, бюджеттік бағдарламаларды да беру қажет. Қазір кей кездері құзырет болса да, аймақтарда бюджеттік бағдардама жоқ болғандықтан, Қаржы министрлігі тиісінше қаржы бермейді. Оған қоса, жергілікті мәселеге аудан немесе ауыл әкімі тікелей жауапты. Бірақ, ең шалғай ауылдағы бөгеттер мен тоғамдар «ҚазСуШар»-дың балансында. Қазақстанның басым көпшілігінің облыс, аудан, алыс ауылдардағы кішкентай тоғам, бөгет, гидроузелдердің барлығы солардың меншігіне өткен. Ал «ҚазСуШардың» аудандық деңгейде шаруашылықты дөңгелетіп әкетуге мұршасы жетпейді. Техникасы да, адамдары да жоқ», — деді депутат.

Су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашудың маңыздылығы, жергілікті аудандық коммуналдық кәсіпорын жергілікті маңызы бар тоғам, бөгет, гидроузелдерді өз балансына алуы қажеттігі және жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджеттік бағдарламалар ашудың маңыздылығын айтты.

«Оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамассыз етіп, жергілікті гидро-құрылымдарды дамытуға күш салу қажет. «ҚазСуШар» республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруы тиіс», — деді Ерлан Саиров.

Другие новости

Back to top button