Госорганы

Атырауға медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек — Президент

Атыраудағы психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«Өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға баса мән берген жөн. Облыста өкпе және жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан науқастардың саны көбейіп барады. Ана мен бала өлімі де аз емес. Бұған өңірдегі экологиялық ахуалдың нашарлығы, білікті дәрігерлердің тапшылығы себеп болып отыр. Осы орайда, басты міндеттің бірі – медициналық инфрақұрылымды жақсарту. Атырау қаласында емхана ғимараттары тапшы. Облыстағы медицина мекемелерінің 40 пайызға жуығы осындай жағдайда жұмыс істеп жатыр. Психикалық денсаулық орталығы, онкологиялық диспансер, жедел жәрдем станцияларының жағдайы сын көтермейді. Тіпті, бұл мекемелердің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Осы мәселенің бәрін шұғыл шешу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атырау облысында бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы келесі жылы басталуы керек.

«Ең алдымен, өңірге медицина мамандарын тарту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу керек. Жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, облыстық перзентхананы күрделі жөндеуден өткізіп, жабдықтаған жөн. Атырауда жаңа онкологиялық диспансер салу мәселесін пысықтау қажет. Облыста бірқатар денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау керек. Ана мен баланың, жалпы тұрғындардың денсаулығын сақтау – елдің даму деңгейін айқындайтын көрсеткіштің бірі. Біз денсаулық сақтау саласына барлық ресурсты, күш-жігерімізді жұмылдырамыз. Осы орайда, мен синтетикалық есірткі мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өкінішке қарай, адам психикасына әсер ететін заттар тез таралып бара жатыр. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Қазақстанда есірткіге тәуелді 110 мың адам есепте тұр. Оның ішінде балалар да бар. Бұл – біз білетін мәлімет қана. Осы ретте, Ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы күресті тиімді жүргізуін талап етемін», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 

Другие новости

Back to top button