Главное

Атырауда сабақ кезінде оқушының саусағы жұлынып кеткен: Анасы мектеп басшылығынан өтемақы талап етіп отыр

Атырауда жеті жастағы қыздың қолы денешынықтыру сабағында қараусыз жатқан спорттық құрылғыға қысылып қалған. Болған жағдайға оқушының анасы мектеп басшылығын кінәлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

“Балам түнде шошып оянады. Ауруханада жатқанда “мама мен қорқып жатырмын деп” жалғыз өзі жатып жылайды. Мектеп басшылығы ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Мұғалімдерден ақша жинаймыз деді. Онымен ол неге жетеді. Мен қызымды жан-жаққа апаруым керек. Мәскеу, Екатеринбург, Корея, Индия. Бала 18-ге толғанда жасалады екен. Ертең мектепте кекете ма деп қорқамын”, – дейді оқушының анасы Нұргүл Тәкенова.

Мектеп әкімшілігі құрылғылар орнатылған аумақты қоршап қойыпты. Бірақ жәбірленушінің анасы ұстаздар қауіпсіздік шараларын тым кеш жасады деп ашынды. Оның айтуынша, бұл жерде бастауыштың оқушылары талай мәрте жарақат алған.

Темір құрылғы оқушының бір саусағын жұлып әкетіп, тағы біреуін сындырып жіберген. Жеткіншек қатты шошып қалған дейді анасы. Мектеп директоры балаларды қараусыз қалдырып, салғырттық танытқан мұғалімге ескерту бердік деп отыр. Себебі бұл жерде жоғары сыныптың балалары шынығуға тиіс екен.

“Бұл жерде қате, бастауыш сынып мұғалімі бұл жерге әкелмеуі керек еді. Мен жиналыстарда айтып отырамын. Балаларыңыз келген ғой, жабық алаңға. Балалар сұраған соң келеңсіз жағдай болып қалды. Енді ол кісіге ескерту бердім”, – дейді Ж.Нәжімеденов атындағы №2 мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Жанна Құлбатырова.

Екі мектептің алдына дәл осындай спорттық алаңды әкімдік салған екен. Оған 46 миллион теңге қаражат жұмсалыпты.

“Бұл жоба 2019 жылы қабылданған. Қазір құрылыс бөлімінің теңгерімінде. Жер құжаттарына байланысты кезең-кезеңімен жұмыстар жүріп жатыр. Жоба бойынша ешқандай ойын орындары немесе спорт алаңдары қоршалмайды. Кепілдік мерзімі бар”, – дейді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлеген.

Ал полиция департаменті «Балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау» бабы бойынша тергеуді бастады.

Фото: Видеодан скрин

Другие новости

Back to top button