Атырауская область

Атырауда қосалқы стансадағы өрттің кесірінен 8 мың абонент жарықсыз қалды

Атырауда қосалқы стансадағы өрттің салдарынан 8 мың абонент жарықсыз қалды. Электр энергиясы желісіндегі ақау кешке дейін толық жөнделеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Атырау қаласының бірнеше шағын ауданында электр энергиясының өшіп қалуына №18 қосалқы электр стансасының өртенуі себеп болған.

«Атырау-Жарық» АҚ президентінің орынбасары Мейірбек Ғұбашевтың мәліметінше, бүгін жергілікті уақытпен сағат 11:00-дегі мәліметке сәйкес Атырау қаласындағы Геолог, Жұлдыз, Бірлік, Томарлы және Контейнер шағын аудандарында электр қуаты сөндірілген. Сол себептен, 8000 жеке, 700 заңды тұлға электр қуатынсыз отыр.

«Қазір Атырау қаласында өртенген кабельдерді ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмысқа 42 адам тартылды. Осы уақытқа дейін Атырау қаласындағы Вокзалмаңы шағын ауданыннда электр энергиясы беру қалпына келтірілді. Өрттің себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Оған жаңбыр себеп болуы мүмкін емес екенін атап өткім келеді. Өйткені, кабельдік канал бетоннан жасалған. Бәрі құрғақ, су тимеген. Оны өзім тексердім. Кешке дейін барлық шағын ауданда электр энергиясын қосуды жоспарлап отырмыз», -деді Мейірбек Губашев.

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангерееваның айтуынша, қосалқы электр стансасындағы апатқа байланысты бүгін 1062 мектеп жасына дейінгі бала балабақшаға бармаған.

«Бүгін №26, 33, 35, 36 және «Шағала» балабақшасында жағдайға байланысты сабақтар тоқтатылды. Мектептердің 6869 оқушысы қашықтан оқиды. Ертең электр энергиясы қалпына келгеннен кейін оқу процесі штаттық режимде жалғасады», -деді Фаруза Шангереева.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда электр энергиясының өшуінен мектептер онлайн оқуға көшірілгенін, кейін Атырау жарықсыз қалып, төтенше жағдай себебі аталғанын жазған едік.

Другие новости

Back to top button