Мангистауская область

«Ата-анаңа айтушы болма»: Ақтауда жаттықтырушы 5 жасар қызды зорлап келген

Күдікке ілінген жігіт 18 жасында Ашихара-каратеден әлем чемпионы болған

Ақтауда жаттықтырушы 5 жасар қызды зорлап келген. Бұл туралы кішкентай қыздың туысқан әпкесі «НеМолчи.Kz» қорына мәлімдеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қор өкілдерінің айтуынша, сенім телефонына хабарласқан бойжеткен 5 жасар жиенін жаттығу кезінде жаттықтырушы бірнеше рет зорлап, азғындық жасағанын жеткізген.

Белгілі болғандай, анасы қызының әлденеге ұшырағанын түсініп, анықтап сұрағанда, бала каратеден жаттықтырып жүрген 19 жастағы ер адамның әрекеті туралы бар шындықты айтып берген.

«Жаттықтырушы қыз балаға ата-анасына ештеңе айтпауды бұйырып, бұл екеуінің өзара құпиясы екенін айтқан. Сөйтіп, кішкентай қыз бапкердің айтқанын орындап жүрген. Бала орталыққа 2021 жылдың қыркүйегінен бастап барады, ата-анасы оны соңғы 3-4 айдан бері зорлыққа ұшырап келген деп есептейді», — деп жазады қор белсенділері.

Айта кетерлігі, күдікке ілінген жігіт 18 жасында Ашихара-каратеден әлем чемпионы болған, ал 2021 жылдың қыркүйегінде балаларды жаттықтыра бастаған. Ол қысқа уақыт ішінде балалар мен ата-аналардың сеніміне кіріп, өзін жағымды адам ретінде көрсете білген.

«Әдетте сабақ кезінде ата-аналар балаларын залдың сыртында күтіп отырады. Сол жолы қыздың анасы мен тағы бір ата-ана сәл ертерек келіп қалып, жаттықтырушының жоқ екенін, ал балалардың жүгіріп, залда ойнап жүргенін байқайды. Артынша бапкер бейнекамера орнатылмаған киім ауыстыратын бөлмеден шығады, оның соңынан қыз бала шыққан. Кішкентай қыздың терлеп, шашы ұйпа-тұйпа болып қалғаны, киімі де дұрыс киілмегені көрініп тұрған. Анасы қызынан жаттықтырушымен не үшін киім ауыстыратын бөлмеде жүргенін сұрағанда, қызы «бұл құпия» деп жауап берген. Жаттықтырушы бұл жайтқа қатысты қыздың жарысқа қатысқысы келіп жылағанын, ал өзінің оны жұбатқанын айтқан!» – дейді қор өкілі.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта баламен психолог жұмыс істеп жатыр.

«Бала әлі де тексеруді қажет етеді. Бұл оқиға қатты ауыр тигендіктен, жас ана көз жасын тоқтата алар емес. Ана да көмекке қатты зәру», — дейді қор өкілі.

Аталған жайтқа байланысты Маңғыстау облыстық полиция департаменті пікір білдіріп, қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті.

«Ақтау қалалық полиция бөліміне арызданған әйел кішкентай қызына қатысты азғындық әрекеттер жасаған азаматқа шара қолдануды сұрады. Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді», — деп хабарлады облыстық ДП.

Ведомство мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу мүддесі үшін қалған мәліметтер жарияланбайды.

 

Другие новости

Back to top button