Ата-аналар комитетінің төрайымына 24 сағат есігіміз ашық, келе берсін — Қорғаныс министрлігінің полковнигі
Қорғаныс министрлігі ел мен жерді сүю, Отанды қорғау, патриотизм, рухани-адамгершілік сияқты адамзаттың асыл құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру бағытында Оқу-ағарту министрлігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің тәрбие басқармасының бастығы, полковник Серғали Әлімқұловтың айтуынша, республикадағы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының сыныптары мен клубтары әскерге келген бозбалаларға көп көмегін тигізіп жатыр. Соның арқасында Отан алдындағы борышын өтеуге келген жастар әскери өмірге психологиялық және физикалық тұрғыда дайын болып келеді. Олар темірдей тәртіпке тез бой үйретеді.
«Алайда әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіру бағытындағы жұмыстарды әлі де күшейту керек»,- дейді ол.
Алдағы уақытта мектептердегі «Алғашқы әскери дайындық» оқу бағдарламасы төңірегіндегі бірқатар мәселе өз шешімін таппақ.
«Жоғары сынып оқушыларына арналған «Алғашқы әскери дайындық» пәнінің мазмұны көңіл көншітпейді. Одан сабақ беретін мұғалімдердің де тәжирибесі мен қарым-қабілетін қарастыру керек. Баланың елшіл сезімі, отансүйгіштік қасиеттері мектеп қабырғасында қаланады. Осы мәселені депутаттар арқылы қоғамға шығарып, қолға алып жатырмыз. Біз пәннің мазмұнын қарап біраз қателік таптық, оны оқу-ағарту министрлігіне жолдадық. Министрлік жаңа білім стандарты қабылданған соң, келер жылы «Алғашқы әскери дайындық» оқулығын жаңартып, қайта жазып шығуға келісім беріп отыр. Сонымен қатар, таяуда өткен екі ведомствоның біріккен жиынында мектептер мен әскери бөлімдердің байланысын барынша арттыру туралы мәселе қозғалды. Ол дегеніміз — жас балаларды әскери тіршілікпен таныстыру, патриотизм, елді қорғау сезімін санасына бекіту үшін Ашық есік күндерін өткізу сияқты шаралар және тағы да басқа тәрбиелік мәні жоғары шараларды ұйымдастыру», — дейді полковник.
Серғали Әлімқұлов қазақ армиясындағы заң мен тәртіпті қадағалау мен тәрбие беру жұмыстарының қалай іске асып жатқаны туралы айтып берді.
«Қазақ әскерінде заң мен тәртіп қағидасын ұстану бағытында «Өміріңді сақта» үш жылдық кешенді жоспары бекітілген. Нүктелік профилактикалық алдын-алу жұмыстары жүріп тұрады. Мардымсыз болып көрінетін әкімшілік құқық бұзушылықтардың өзі тексеріліп, өз жазасы беріледі. Ірі қылмыстарды, әрине, құқық қорғау органдары қарайды.
«Өміріңді сақта» кешенді жоспары тек қана Қорғаныс министрлігіне емес, басқа да әскери құрылымдарда іске асады. Ол психолигиялық, идеологиялық, патриотизмге тәрбиелеу сияқты көптеген бағыттарды қамтиды. Сарбаздар идеологиялық іс-шараларға қатысады. Бөлімшелерге Ауған соғысының ардагерлерін, өзіміздің қарулы күштердің зейнеткерлерін шақырып, тәрбие сағаттарын өткіземіз. Олар жастардың жігерін жанитын ұлағатты сөздерін айтып, өнегелі тәжірибесін бөліседі. Тағы айта кетерлігі, мерзімді әскери қызметкерлерге арналған «Срочник 2.0» бағдарламасы жұмыс істейді. 2022 жылғы 25 қазанда ҚР Қорғаныс министрі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жетекші ұйымдарымен келісімдерге қол қойған болатын. Осылайша, келісімде ЖОО есебінен жоғары білім алу үшін орын бөлу көзделген. Сарбаздар бағдарлама арқылы 100 пайыз грантпен оқуға түсе алады», — дейді ол.
Полковниктің сөзінше, баласы әскерге кеткен кез-келген ата-ана бөлімшеге келіп, ұлының өмірін бақылай алады. Бұл әскердегі ашықтықты қамтамасыз етеді.
«Қазақстанның әр өңірінде сарбаздардың аналары комитеті құрылған. Оның төрайымы тәуліктің кез-келген уақытында келіп, әскерилердің өмірін бақылай алады. Кейбір сарбаздардың ата-аналарын әкеліп көрсетеді. Кез-келген ата-ана баласын көріп, бір күнге серуенге алып кете алады. Сарбаздар үй ішімен бейнеқоңырау арқылы да сөйлеседі. Осылайша әскердегі өмірді ашық көрсетеміз. Жалпы айтсақ, өзге елдермен салыстырғанда сарбаздарға жасалған жағдайды тым төмен деп бағалауға болмайды. Көш жүре түзеледі демекші, алдағы уақытта аздаған кем-кетік орнына келеді. Келешекте әскери комиссариаттар алдында жастарымыз кезекке тұратын уақытқа жетеміз деп ойлаймын», — деп сенім білдірді полковник.