Госорганы

Астанаға келген жаңаөзендік мұнайшылар былтыр да ҚазМұнайГаз ғимараты алдында наразылық өткізген

 «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінен кейін жаңаөзендік мұнайшылардың ереуілі жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жолы келген мұнайшылардың 19-ы былтыр біздің ғимараттың алдына келіп, басқа бір компанияның мүддесін қорғап кеткен болатын. Биыл одан басқа компанияның мүддесін қорғауға келіпті. Былтыр оларды жұмыстан шығарып тастаған компания биыл оларды жұмысқа алуға ниет білдірді. Бұлар ғана емес, біз басшыларын кездесуге шақырған 2-3 компанияны да мысал ретінде айта алам. Менің ойымша, бұл кикілжіңнің конструктивті сипаты жоқ. Тендерге қатысушы тарап пен «Өзенмұнайгаз» арасында қайшылық бар», — деді ол.

Мағзұм Мырзағалиев бұл мәселе заң аясында шешілуі керектігін айтты.

«Ол конкурсқа 7 ұйым қатысқан. Соның ішінде ереуілге келген мұнайшылар сөз сөйлеп жүрген компания ең жоғары баға ұсынған. Сондықтан басқа компания жеңіске жетті. Ана компания «Самұрық-Қазынаға» жүгінді. «Самұрық-Қазына» соның негізінде тексеру жүргізіп, конкурс заңды өткені туралы қорытынды шығарды. Сонда да «Өзенмұнайгаз» тендерді ұтқан компания мен ереуілге келген мұнайшылар арасында келіссөз жүргізді. Келіссөз әлі жүріп жатыр. Бірақ ол адамдар ұсынған жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Бұл түрлі ойға жетелейді. Шынымен жұмыс керек болса, ұсынған шартқа келісіңіздер. Оның үстіне 3 жылдық еңбек шартын ұсынатынымызды айтып отырмыз», — дейді «ҚазМұнайГаз» басшысы.

Другие новости

Back to top button