Астанада тағы бір автобус жол апатына ұшырады: үш адам ауруханаға түсті (ВИДЕО)

Астанада жолаушылар автобусы жеңіл автокөлікке жол бермей, апатқа ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарап жатыр.
Қалалық полиция департаментінің ақпаратынша, жол апаты кеше, 3 шілде күні болған.
«Қосшығұлұлы көшесімен келе жатқан автобустың жүргізушісі Серкебаев көшесімен қиылыста маневрді аяқтаған Ford автокөлігіне жол бермей, онымен соқтығысқан. Салдарынан автобустың үш жолаушысы ауруханаға жеткізілді», — деп мәлімдеді полиция.
Осы факті бойынша тексеріс жүріп жатыр.
Естеріңізге салайық, Астанада 2 маусым күні жолаушылар автобусы Республика даңғылымен келе жатып, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Жол апаты салдарынан 15 адам ауруханаға түскен, оның ішінде алтауы – бала. Ауыр жарақат алған сегіз жасар қыз бала екі бірдей аяғынан айырылды. Зардап шеккен қыз бауырларымен бірге Астанаға қыдырып келген. Көпбалалы отбасы Ақмола облысындағы ауылда тұрады.