Нур-Султан

Астанада өшкен жарық 7 аурухананың жұмысына әсер еткен

Кешегі Астананың энергетика жүйесіндегі ақау медициналық мекемелердің жұмысын қиындатқан, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, №1 көпсалалы аурухана қызметкерлері электр қуатының ажыратылуына байланысты науқасты жансақтау бөліміне лифтісіз, баспалдақпен көтерген.

«Электр қуаты өшіп қалған кезде науқас әйелді дұрыс бақылау үшін жансақтау бөліміне баспалдақпен көтеріп шығардық. Өйткені лифтілер жұмыс істемей қалған еді», — дейді басқарманың баспасөз қызметіндегілер.

Қазір аталған науқастың жағдайы бірқалыпты.

Ведомствоның ақпараты бойынша, электр жарығының өшуі қалалық медициналық мекеменің жұмысына әсер еткен.

Абырой болғанда ол мекемелердің бәрі генераторға жалғанып, ток үздіксіз берілген.

«Қала ауруханаларының бәрі генераторға жалғанған. Жарық өшкенде өздігінен сол генератор қосылады. Алматы және Байқоңыр аудандарындағы ауруханалар медициналық мекемелерді генератор көмегімен ішінара электрге жалғады. Яғни, электр қуаты жансақтау және қарқынды терапия бөлімдеріне, ота жасайтын бөлімшелерге басымдықпен берілді. Қалған бөлімшелер мен палаталарда жарық болған жоқ. Өйткені генераторларды бірінші кезекте жансақтау және ота жасайтын бөлімдерге беру қажет болды. Апат салдары жойылғаннан кейін ауруханалардың бүкіл блогына жарық берілді. Электр қуаты ажыратылған кезеңде ауруханаларда ешқандай шұғыл ота жасалған жоқ», — делінген басқарманың мәліметінде.

Айта кетейік, кеше түнде Астананың бірнеше ауданында жарық сөніп, салдарынан коммуналдық қызметте ақау пайда болған еді.

Другие новости

Back to top button