
Астанадағы №14 мектеп-гимназияда оқушының бірі баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алды. Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Facebook желісінде мектеп басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Оның айтуынша, қазір мектепте оқу жылына дайындық сапасын анықтау мақсатында тексеру жүріп жатыр.
Динара Зәкиева қазір жарақат алған баланың жағдайы орташа ауырлықта екенін, жақсару тенденциясы бар, есін білетінін атап өтті. Баланың когнитивтік функциялары бұзылмаған, сұрақтарға жауап беріп, нұсқауларды орындай алады.
Бұған дейін Астанадағы №14 мектеп-гимназияда оқушылардың бірі баспалдақтан құлап, комаға түскенін жазған болатынбыз.