Нур-Султан

Астанада көшеде қызын сүйреп жүріп ұрған әйелге сот үкімі шықты

Сот әйелді бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі деп таныды

Астанада көшеде қызын сүйреп жүріп ұрған әйелге сот үкімі шықты. Бұл туралы Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сотта анасы баланы жалаңаяқ, сырт киімсіз, спорт формасымен көшеге шығарып, қызының басын жанында тұрған көлікке ұрғаны анықталды. Сот барысында анасы әрекетін мойындамай, қызын көлікке отырғызып, есікті жабуға тырысқанын түсіндірді. Осы кезде қызы көлікке отырудан бас тартып, автокөлікке шынтағын соғып алған», — делінген соттың хабарламасында.

Елорда сотының шешіміне сай баланы ұрып-соғу фактісі бейнежазбамен расталды.

Сондай-ақ, сот анасының мінез-құлқын жас баланың дамуына жол бермейтін және зиян тигізетін қылық деп таныды.

Заң бойынша ата-ана баланың физикалық, психикалық және моральдық қалыптасуы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға міндетті.

Сот әйелді бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін кінәлі деп таныды (ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігі), өйткені оның әрекеті тәрбиенің рұқсат етілмеген әдісіне жатады.

«ӘҚБтК 127-бабының 1-бөлігінің санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаны көздейді. Сот анасына ең жоғары жаза – 10 АЕК көлемінде айыппұл тағайындады», — дейді қалалық соттан.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Другие новости

Back to top button