Астанада бір күнде төрт бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті: екеуі көз жұмды

Астанада бір күнде төрт бүлдіршін көпқабатты үйдің терезесінен құлап кетті, олардың екеуі – қаза тапты. Өткен тәулікте 103 пультіне «бала құлады» деген себеппен төрт түрлі шақыру түскен. Балалар әртүрлі биіктен – 1-ден 16-шы қабатқа дейін құлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, 10 және 16-қабаттан құлаған балалар алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оның біреуі 3 жаста, екіншісі 6 жаста болған. Тағы екеуі оқиға орнынан жедел жәрдеммен балалар стационарына жеткізілді, олардың денесінде көптеген жарақат бар. Қазіргі уақытта екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
«Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығының салдарынан балалардың денсаулығына үлкен зиян келіп қана қоймай, қайтыс болып та жатыр. Ауыр халде түскен балаларды көргенде: «Мұндай жағдайға ересектер қалай жол берді? Неге бала қараусыз қалды?» деген сұрақтар туындайды. Өкінішке қарай, биіктен құлау фактілері жылдан-жылға көбейіп келеді. Жыл басынан бері түрлі биіктен құлаған 51 бала бізге жеткізілді. Олардың төртеуі алған жарақатынан стационарда қайтыс болды», – деп мәлімдеді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматолог-дәрігерлері.
Дәрігерлердің айтуынша, көбіне оқиға себебі анамнез барысында анықталады: бала масаға арналған торға сүйеніп, терезеден құлап кеткен.
«Масаға қарсы торға ешқашан сенбеңіздер. Олар құлаудан қорғайтын құрал емес. Құрметті ата-аналар, балаңызды бір сәтке назардан тыс қалдыру ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін», – деп ескертті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
Бұған дейін басқарма 103 диспетчеріне жасалған қоңыраудың аудиожазбасын жариялаған болатын, онда тұрғындар үреймен баланың құлағанын айтып, жедел жәрдемді шұғыл шақырған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жарты жылдың ішінде 60 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Олардың тоғызы жедел жәрдем келгенше көз жұмған.