Әскери бөлімнен қашып кеткен депутат Тұрлыхановтың ұлы табылды
2 шілдеде әскери бөлімнен қашып кеткен палуан, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Нұрасыл Болат Конаев гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде әскери борышын өтеген. Бастықтың бұйрығын орындаудан бас тартқаны үшін ол гауптвахтаға жіберілген. Қамау мерзімі аяқталған соң, әскери бөлімге бара жатқанда жолда Нұрасыл Болат белгісіз бағытта жоғалып кеткен.
«2023 жылғы 3 шілдеде ішкі істер органдары мен әскери полиция қызметкерлері бірлесіп ұйымдастырған жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын әскери бөлімнен өз бетінше кетіп қалған қатардағы мерзімді әскери қызметшінің тұрған жері анықталды», — делінген хабарламада.
Жауынгер қызметтік орнынға жеткізілді. Қазір факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске салсақ, адвокаттарды соққыға жығып, шу көтерген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен де қашып кеткен еді.