«АрселорМиттал Теміртауды» мемлекет меншігіне алу рәсімі аяқталуға жақын — Үкімет басшысы
Үкімет басшысы аталмы кәсіпорын шахталарында апаттың жиі болатынын басшылықтың өндіріске бас қатырмайтынымен байланыстырды.
«Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Қазіргі таңда, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында. Комиссия апаттың себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ, ол Қарағанды облысының әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі апатты жоюға күш салу керектігін айтты.
«Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулықтарын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Айта кетейік, 28 қазан сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада апат болды. Соңғы мәлімет бойынша, қазақ тапқандар саны 46-ға жеткен. Осыған байланысты Қазақстанда 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.