Выбор редакцииКультура

Ақын Ринат Зайытов биліктегілерге сұрақ қойып, тығырыққа тіреді

Өткір сөздерімен көптің қошеметіне бөленіп жүрген ақын Ринат Зайытов бұл жолы елдегі қымбатшылық мәселесін көтеріп, Үкімет басшысынан бастап биліктегі жауаптыларға дейін сұрақ қойды. Егер көкейтесті мәселеге мардымды жауап алар болса, қызметін босатып, бүкіл атақ-мадағын мемлекетке қайтарып беруге уәде етті, деп хабарлайды Экспресс К.

 

Бұл туралы Ринат Зайытов Instagramпарақшасында жазды.

 

Ақын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеуге, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа ашық сұрақ жолдаған.

Өнер иесі көтеріп отырған мәселе тек өзі басшылық ететін «Алатау» дәстүрлі өнер театрының емес, күллі халықтың қабырғасын батып отырған түйткіл екенін ашына жазған.

Жанға бататыны, жұмысын адал істеп, әкімдіктің жұмсағанына жүгіріп, керегіне жарап, жаңа Президентпен жаңаша өмір сүруге үміттеніп отырған қызметкерлердің жағдайын қанша жасырсақ та күннен күнге төмендеп барады

— делінген жазбада.

Ақын күні кеше депутаттардың елімізде кез келген адамның өмір сүруі үшін айына 100 мың теңге жетеді деген пікірінен соң екі жылдан бері жауабын таппай жүрген сауалға мардымды жауап алуға ниетті. Оның мәліметінше, өнер театрының кассирі — үш баланың анасы. Ипотекасы бар. Айлығы — 74 705 теңге. Театр контролері 72 791 теңге жалақы алса, үйсіз жүрген тағы бір қызметкер 67 044 теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Ол да үш баланың анасы екен.

Айтыңыздаршы, дүкендегі бағалармен балалардың қажеттіліктерін ескере отырып, көрсетілген ақшаны олар 30 күнге қалай жеткізбек?

— деп жазды Ринат Зайытов.

Ринат Зайытовтың желі парақшасындағы жазбасы
Ақын Ринат Зайытовтың Instagram парақшасындағы жазбасы

Ақынның пікірінше, елдің жағдайы жаман дейтіндерді жауаптылар экстремистер, популистер мен арандатушыларға теңеп келеді.


«Мені де сол қатарға оңай қоспауларыңыз үшін сұрағыма қанағаттанарлық жауап тауып бере алсаңыздар, қызметімді өз еркіммен босатамын. Сіздердің тараптарыңызға бірде бір жаман сөз айтпай, берген барлық мадақ-атақтарыңызды қайтарып беріп, айтыстан ұтқан «Алтын домбырамды» сыйға тартуға уәде беремін» деп сөзін түйді өнер иесі.

 

Другие новости

Back to top button