Культура

Ақын, журналист Серік Қалиев өмірден озды

Танымал ақын, журналист Серік Қалиев жол апатынан көз жұмды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева мен Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, естен кетпес естеліктерімен бөлісті.

“Алтын ағатайым! Мына қыздың тілі сақау ғой, қалай айтысады» дегенде қалай айтысу керектігін осы қыз үйрететін болады» деп жетектеп әкеліп айтыстың аламанына қосқан асыл ұстазым! Оразаны толық ұстап, бүгін тағы ауыз бекітіп, кешкі құтпан намазды мешітте оқиын деп асығып бара жатқан жерінен көлік апатына ұшырап қайтыс болыпты… Ертең қасиетті жұмада жамбасы жерге тиеді… Алланың сүйікті құлы екенің осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?! Адам түгіл шыбынды ретжітпейтін пәк көңіл асылым-ай, жатқан жерің жайлы болсын”, – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.

Мұхамеджан Тазабек те мұқым қазаққа көңіл айтты.

“Қазаққа көңіл айтамын. Серік ағам елдің ұлы, халықтың баласы, қазақтың нағыз иманды ақыны еді. Жаның жаннатта болсын, жан көкем!
15 жасымнан қасыңа ертіп едің. Туған ағамнан артық едің. Рамазан оразасын аяқтап, Шәууәлдің оразасын ұстап жүр едің. Мешітке кеп, құптан намазын жамағатпен оқып, үйге қайтсам деп едің. Оқыстан соққан тағдырдың жазуыменен үйге емес, Раббыңа қайтып кеттің-ау…Жұмаға қараған бейсенбінің кешінде үзілдің, ертең жұма намазда жаназаң шықпақ, бұйырса. Недеген ғибратты тағдыр, недеген рухани қоштасу. Бір Алла рахымына бөлесін өзіңді, жан көке”, – делінген жазбада.

Айтыскер ақын, журналист Серік Қалиев 1961 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген.

1978-1983 жылдары жоғары оқу орнында (ЖГМҚИ) оқыған. 1983-1995 жылдары облыстық, республикалық ақындар айтыстарына қатысып, жүлделі орындарды иеленген. Өлеңдері 1987 жылы жас ақындардың «Қарлығаш» ұжымдық жинағына («Жалын») енген.

 

Другие новости

Back to top button