Ақтөбедегі мектептердің бірінде дәретхана қағазы үшін тартыс болды (видео)

Ақтөбедегі №60 мектеп-гимназияда дәретхана қағазы төңірегінде дау туды. Аталған жағдайға білім ордасында түсірілген екі видео себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әуелі желіде ата-аналардың бірі Ақтөбедегі №60 гимназия дәретханасын түсірген видео тарады. Онда әжетханада гигиеналық құралдардың бәрі бар екені көрсетілген.
«Мұнда хош иісті сабын бар. Қол кептіргіш, дәретхана қағазы да бар. Бұл мектептің демеушісі бар ма әлде мемлекет көп ақша бөле ме? Неге Ақтөбедегі басқа мектептерде дәретхана қағазы жоқ?», – деді видеодағы әйел.
Дегенмен кейіннен желіде алдыңғы кадрдың мұғалімдер әжетханасында түсірілгені айтылған видео тарады. Ол дыбыссыз түсірілген, бірақ мәтінде ата-ананың мектептің жақсы тұсын ғана көрсеткені жазылған. Шын мәнінде оқушыларға арналған дәретханада қағаз бен сабын жоқ болып шыққан.
«Алдыңғы видеода мұғалімдердің дәретханасы көрсетілген. Олар бекерден бекер мақтады. Себебі оқушылар кіретін дәретханада қағаз жоқ», – деп жазылған видеода.
Алайда араға біраз уақыт салып сол мектептің директоры Абзал Тәжімішев білім ордасының қоймасын көрсетті. Онда дәретхана қағазы жеткілікті екені айтылған. Оның сөзінше, мектеп қоймасында балаларға қажеттің бәрі бар.
«Жәшіктерді ашыңыз, қағаздарды көрсетіңіз! Оны жаңа ғана сатып әкелді деп ойлап қалмаңыздар! Бұл бізде баяғыдан бар. Қағаз оқушыларға беріледі. Биыл мектеп оқу жылына 2 мың орам «Народная» және «Карина», «Набережных челнов» дәретхана қағаздарын сатып алды. Бұған білім ордасы 407 мың 600 теңге бөлді», – деді мектеп директоры.
Дегенмен мектеп әжетханалары 2016 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бірақ биыл жөндеу жұмыстары жазға жоспарланыпты.
Айта кетейік, бұған дейін Астаналық журналист Асхат Ниязов парақшасында Шымкенттегі қоғамдық дәретхананы көрсеткен еді. Желідегілер дәретхананың жаңашылдығына таңданысын білдірген.