Ақтөбедегі әйел мен ұлының өлімі: Көмек сұраған қыздың өтінішін елемеген төтенше жағдай қызметкері сотталды
Ақтөбеде шұғыл көмекке мұқтаж қыздың өтінішіне дер кезінде жауап бермеген төтенше жағдайлар қызметінің қызметкеріне үкім шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023 жылдың наурыз айында Ақтөбедегі үйлердің бірінде ауыр қылмыс орын алып, әйел мен жасөспірім қаза тапты. Жәбірленушінің 13 жасар қызы аман қалды.
Төтенше жағдайлар қызметіне қыз үш рет хабарласқан, тек үшінші қоңырауда ТЖҚ оқиға орнына жедел жәрдем шақырған. Кейін төтенше жағдай қызметкерінің үстінен «Абайсыздық» бабы бойынша іс қаралды.
«Сот Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел кезекші көмекшісінің қызметтік міндеттеріне немқұрайлық танытқанын анықтады. Ол «112» қызметіне қоңырау шалған кәмелетке толмаған баланың хабарламасына дұрыс және уақытылы жауап бермеді», – деп мәлімдеді қалалық сот.
Үшінші қоңыраудан кейін 50 минуттан соң жәбірленушінің хабарламасы жедел медициналық жәрдем қызметіне жіберілген. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін мойындамай, алғашқы қоңырауды баланың еркелігі деп санайтынын айтты. Оның айтуынша, бірінші қоңырау үзілгендіктен, ол қызға қайта қоңырау шала бастаған, бірақ ол телефонға жауап бермеген. Үшінші қоңыраудан кейін ол жәбірленушіден мән-жайды біліп, оның хабарын жедел жәрдемге жеткізді.
Сот қызметкерге алты ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталушыдан моральдық шығын ретінде бір миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының асырауында балалары барын ескерді.
«Мен мұны баланың ойыны деп ойладым, әзілдеп қоңырау шалған деп түсіндім. Сосын «Балақай, ойнама!» десем, «Мен ұл емеспін, мен қызбын» деді. Мені ақтауыңызды сұраймын, менің арманымды өшірмеңіз, менің болашақта өрт сөндіруші болу арманыма балта шаппаңыз», – деді сотталушы.
Еске салайық, 2023 жылдың наурыз айында Ақтөбедегі үйлердің бірінде айуандықпен кісі өлтіру оқиғасы орын алды. Пәтерден 35 жастағы әйел мен оның 16 жастағы ұлының мәйіті табылды. Қанды оқиғада әйелдің 13 жасар қызы ғана аман қалған еді.