Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысы оқу жылының алғашқы күнінде көз жұмды
Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы жанжал 9-сынып оқушысының өлімімен аяқталды. Ауыл мектебінің 18 оқушысынан жауап алынып, 2 адам күдікті ретінде қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Полиция департаментінің дерегінше, жасөспірімдер арасындағы төбелес 2 қыркүйек күні түнде Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында тіркелді.
Төбелестен кейін жан тапсырған оқушы қазан айында 15 жасқа толуы керек болған. Марқұмның туыстары әзірге ешқандай пікір білдіре алмайтынын, тергеу амалдарының нәтижесін күтетінін айтты. Темір аудан әкімдігінің айтуынша, жанжалдың неден шыққаны әзірге белгісіз. Оқиғадан кейін 18 баланың аудандық полиция бөліміне жеткізілгені белгілі болды.
“Жасөспірімдер арасында бір-бірімен келіспеушілік болды. Мән-жай тергеу кезінде анықталады. Кеше ата-аналарымен бірге 18 баланы мектеп автобусымен аудандық полиция бөлімшесіне алып келдік. Қазір әрқайсысынан жауап алып жатыр. Қалай болғаны әзірге белгісіз. Ол жердің балаларының бәрі тату, алдыңғы қатардағы ауыл еді. Балалардың бәрі спортқа жақын, волейбол, футбол, теннис ойындарына белсене қатысатын”, – деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Нұралы.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқыс оқиғадан кейін зерделеу жұмыстарының күшейгенін хабарлайды.
“Темір ауданы, Қопа ауылында кәмелетке толмаған оқушылар арасында төбелес болып, 9-сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды. Оқыс оқиға бойынша Қопа ауылына білім басқармасы басшысының орынбасары жетекшілігімен жұмыс тобы жетіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыс тобының құрамында Ақтөбе облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл де бар. Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды”, – деп хабарлайды білім басқармасы.
Ақтөбе облыстық ПД оқиғадан кейін қылмыстық істің қозғалғанын және екі күдіктінің қамауға алынғанын жеткізді.
“Кәмелетке толмаған баланың қайтыс болу фактісі бойынша Темір ауданы полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Жанжалдың барлық қатысушылары анықталып, полицияға жеткізілді. Екі күдікті үсталды. Тергеу әрекеттері жүргізілді. Өзге де ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды”, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысы Төңкеріс ауылында 9-сыныптың оқушысы көз жұмғанын жазған едік. Марқұмның анасы “жоғары сыныпта оқитын балалар ұлымды ұрып-соғып, әлімжеттік көрсеткен” дейді. Алған ауыр жарақаттан жасөспірім ауруханаға жетпей жан тапсырған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады. Күдікті ретінде 10-сыныптың екі оқушысы қамауға алынған.