Ақтауда құлаған ұшақ ішіндегі әңгіме тараған: көлік министрлігі не дейді
Қазақстанның Көлік министрлігі Ақтаудағы ұшақ құларда ұшқыштар мен диспетчердің сөйлескен әңгімесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство Көлік министрлігіне қарасты авиациялық оқиғаның себебін анықтау жөніндегі арнайы Комиссиясының жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады.
МИНИСТРЛІК ПІКІРІ
– Алдын ала есеп жарияланғанға дейін Комиссия ресми дереккөзі жоқ ғаламторда жарияланған дерекке түсініктеме бермейді. Естеріңізге сала кетейік, Комиссия ҚР заңнамасының талаптарына және ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп жариялайды. Онда тергеу барысы және тергеу нәтижесінде анықталған нақты ақпарат болады, – делінген министрлік хабарламасында.
ҰШҚЫШТАР МЕН ДИСПЕТЧЕРЛЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ
Бұған дейін Ресейлік Baza телеграм арнасы Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer-190 ұшағының ұшқыштары мен диспетчерлердің не туралы сөйлескенін жариялаған болатын. Жазбадан Грозныйға да, Махачкалаға да қонбай, артынан Бакуға ұшып, ақыры Ақтауға қону туралы шешімді AZAL экипажы өзі қабылдағанын аңғаруға болады.
Стенограммадан сондай-ақ ұшақ бортында оттегі баллонының жарылуы мен қозғалтқышқа құс түсуі туралы нұсқаларды экипаж мүшелері айтқанын түсінуге болады.
Baza дереккөздері кім екенін айтпаған. Ресми түрде жазбаның шынайылығы мен толықтығы да расталмаған.
Ұшқыштар мен диспетчерлердің диалогын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар.